МТРА жаңалықтары

СҚО әкімі Ерік Сұлтанов елге еңбегі сіңген азаматтарға “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл” мерекелік медалін табыстады

Бұл жандар ҚР-сының мемлекет ретінде қалыптасуына, егемендігінің нығаюына атсалысқан. Көп жыл ел игілігі жолында қажырлы еңбек етіп, өз саласын дамытуға тырысты. 25 жыл бойы Елбасы Н.Назарбаевтың саясатын қолдап, бүгінгі жетістікке халықпен бірге жетті.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


– Бүгiнгi таңда облыста агроөнеркәсiптiк және индустриалды кешен, тұрғын үй құрылысы, кәсiпкерлiк, әлеуметтiк сала белсендi дамып келедi. Бұл жетiстiктер – сiздердiң әрқайсыларыңыздың еңбектерiңiздiң жемiсi. Тәуелсiздiк жылдары облыста атқарылған шаруа аз емес. Алдымызда одан да ауқымды мiндеттер тұр. Осы орайда баршамыз ел ертеңi жолында бiр кiсiдей жұмыла еңбек ете беремiз деп сенемiн.

Салтанатты жиында мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтарға “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл” мерекелік медалі табысталды. Қошеметке бөленгендердің арасында Жанахмет Тасшығұлов бар. Жерлесіміз 40 жылдан артық әлеуметтік салада еңбек еткен.

Жанахмет Тасшығұлов – еңбек ардагері:


– Ел 25 жылдың ішінде жаңарды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының еліне істеген еңбегі зор. Ендігі үмітіміз жастарда. Ол ел ағаларына үлгі алып, тәуелсіздікті нығайтуға үлес қосады деген сенімдемін.

Бүгінде кейбірі зейнетке шықса да қоғамдық өмірге белсене араласып жүр. Солардың бірі – Қайырлы Едіресов. Кезінде ауыл шаруашылығы кадрларын даярлауға атсалысқан. Қазіргі таңда СҚО қоғамдық кеңесіне жетекшілік етіп жүр.

Қайырлы Едіресов – “Құрмет” орденінің иегері, СҚО құрметті азаматы, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы:


– Мен ауыл шаруышылығы мамандарын даярлауға үлес қосқанымды мақтанышпен айтамын. Сол мамандар жақсы қызмет істеп, ел дамуына үлесін қосып жатыр. Еңбегімнің еленгеніне өте қуаныштымын.

“Кентрон” армян мәдени орталығының төрағасы Геворг Геворкян жиналғандарды ұлық мерекемен құттықтады. Сан түрлі этносты бауырына басқан қазақ халқына шексіз алғысын білдірді. Кейін Қазақстан халқы Ассамблеясының жергілікті өкілдігіне өңірімізде мекен еткен армяндардың тарихи тағдыры жайлы жазылған кітапты сыйлады.

Геворг Геворкян – “Кентрон” армян мәдени орталығының төрағасы:

– Бiз Солтүстiк Қазақстан облысындағы армяндардың өмiрi туралы кiтап шығардық. Бұл кiтапта осында тұратын армяндардың тағдыры, немен айналысатыны, отбасылары туралы баяндалған. Мен бұл кiтапты Солтүстiк Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы ретiнде Сiзге табыстағым келеді.

“Қазақстан Республикасының Тәуелсізідігіне 25 жыл” мерекелік медалі Муниципалы телеарнаның директоры Евгений Сазановқа да табысталды.

Жиын соңында аға буын өкілдері тәуелсіздіктің баянды болуын тілеп, жастарға үлкен үміт артатындықтарын айтты.

Берік Қасен