Мәдениет

Солтүстік сахнасында Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» спектаклі сахналанды

Ел не дейді, анама қай бетіммен қараймын деп жүргенде Шәмші сыған қызына кезігеді. Бойжеткен бірден, жігітке тап беріп, қолыңды бер, болашағыңды болжайын дейді. Композитор біраз уақыт келіспей отырып, қызға қалтасындағы соңғы тиыны мен алақанын ұсынады.

Бұдан соң, сыған қызы Изольда Шәмшіні өзінің табырына шақырып, жақындарымен таныстырады. Композитор екенін білген олар Шәмшіге бірден өз шығармашылығынан бір туынды орындап беруін сұрайды. Бұған өнерпаз бірден келісіп, өзінің «Кешікпей келем деп ең» атты әнін орындап береді.

Басты рөлдегі сыған қызы Изольданы театр әртісі Кәмшат Қабошева сомдады. Ал Шәмшінің рөлі Нұржан Асылханға бұйырыпты. Жас актер С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрына осыдан екі жыл бұрын келген екен. Бұл уақыт аралығында ол 10-ға жуық кейіпкерді ойнаған. Ал мынау – оның алғашқы басты рөлі.

Нұржан Асылхан – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актеры:


–  Алғашқы басты рөл болғандықтан, Шәмшіні сомдау маған қиындау болды. Бірақ барымды салып, елімізге белгілі тұлғаны сахнада ашуға тырыстым.

Еркіндікті жаны сүйетін сығандар, міне қазақ жерінен Ауған жаққа бет алатын болды. Бұл хабар Шәмші мен Изольдаға ауыр тиеді. Өйткені, бұл кезде екі жас бір-біріне ғашық болып, сүйіп қалған еді. Бойжеткен жігітті өзімен бірге шақырады. Бірақ, қазақ елін ойлаған жас композитор өзінің туған жерінде қалуды ұйғарады. Осылайша, махаббатына деген қимастық сезімін Шәмші Қалдаяқов «Сыған серенадасы» әнімен жеткізеді.

Белгілі ақын, сазгер, драматург Исраил Сапарбайтың бұл туындысын аталмыш өнер ордасының режиссері Фархат Молдағалиев қойыпты. Туындыны сахналау үшін өнерпаздар екі 2,5 айға жуық еңбектенген екен.

Фархат Молдағалиев – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының режиссері:

– Бұл қойылымға келген көрермен рухани демалып қайтты деп ойлаймын. Өйткені мұнда вальс королінің туындылары орындалды.

Театрда алғаш рет оркестрдің қатысуымен орындалған спектакль көрермен назарынан шығып, ыстық ықыласқа бөленді.

 

Айгерим Ержанова