Қоғам

Петропавлда қаланың дамуына үлес қосқан бірқатар азамат марапатқа ие болды

Бұл азаматтардың әрқайсысы қажырлы еңбек етіп, қаламыздың дамуына үлес қосқан. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында оларды шаһар басшысы Марат Тасмағанбетов айтулы мерекемен құттықтады.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде әлеуметтік-экономикалық жағдай қарқын алып дамып келеді. Бүгінде бұл жетістіктеріміз жас ұрпаққа мұра.

Кейін бірқатар жерлесіміз марапатқа ие болды.

Сайран Испандиярова өмірінің 33 жылын білім саласына арнаған. 18 жасында ол балабақшаға тәрбиеші болып орналасыпты. Кейін мекеме басшысына дейін көтерілген. Бүгінде нәзікжандының еңбегі еленіп, облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Сайран Испандиярова – Петропавл қалалық бiлiм бөлiмiнiң мектепалды тәрбие және даярлық тобы бойынша сектор меңгерушiсi:

–  Қазіргі таңда облыс орталығында мектепке дейінгі 58 мекеме жұмыс жасайды. Оның 16-сы – жекеменшікте. Жалпы қазір балабақшамен 8 мыңнан астам бүлдіршін қамтылған. Тәуелсіздік алғаннан бері аталған сала қарқынды дамып келеді.

Ал, Петропавл қаласының құрметті азаматы Бейбіт Мұстафинаға Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық төсбелгісі табысталды. Денсаулық сақтау саласына өмірінің 45 жылын арнаған нәзікжанды қазір кардиологиялық орталықта еңбек етуде.

Бейбіт Мұстафина – Кардиологиялық орталықтың жүрек-қан тамырлары жүйесі ауруларынан өлім-жітімді төмендету бойынша үйлестірушісі:

– 2000-шы жылдары облысымызда жүрек талмасынан қайтыс болатындар саны-27% болатын. Ал қазір бұл көрсеткіш 4%-ға дейін төмендеді. Бұл біз үшін үлкен жетістік.

Сондай-ақ, бұл күні 3 жерлесімізге Петропавл қаласының құрметті азаматы атағы берілді.

Айгерим Ержанова