Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Петропавл халықаралық әуежайы іске қосылды

Қазіргі таңда елімізде жұмыс істеп тұрған 20 әуежай бар екен. Солардың бірі -Петропавлдағы ұшу айлағы. Бұл әуежай халықаралық статусқа ие. Нысанды күрделі жөндеуден өткізуді Елбасының өзі қолдап, мемлекеттік бюджеттен 7 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. Енді ұшу айлағы өңір экономикасының қарқынды дамуына үлкен серпіліс береді дейді аймақ басшысы Ерік Сұлтанов.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


–  Петропавл халықаралық әуежайының қайта жаңғыртудан кейін ашылуы барша облыс халқы үшін аса маңызды жаңалық. Алысты жақын қылатын әуе жолдарының жандануы өңіріміздің экономикасына, әлеуметтік саласына жаңа серпін береді. Құрметті жерлестер! Сіздерді осы қуанышпен шын жүректен құттықтаймын.

Бұдан соң облыс әкімі әуежайды күрделі жөндеуден өткізуге ат салысқан құрылыс компаниясының басшылары мен жұмысшыларын Құрмет грамотасы және Алғыс хатпен марапаттады. Жалпы ұшу айлағының терминалын қайта жаңғыртуға 1 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. Бұл сомаға инженерлік коммуникациялар ауыстырылып, тың қондырғылар орнатылған. Қазіргі таңда Петропавл-Астана-Петропавл және Петропавл-Алматы-Петропавл бағыттары бойынша сапарға шығуға болады. Билеттердің құны мемлекет тарапынан субсидияланады екен.

Марат Хасенов – “Петропавл халықаралық әуежайы” АҚ директоры:

– Билеттердің бағасы Астанаға – 10 мың, Алматы қаласына 18 мың 500 теңге тұрады. Ал келер жылдың қаңтар айынан Мәскеуге рейс ашуды жоспарлап отырмыз. Ол аптасына екі рет болады. Билетінің құны 100-150 доллар аралығында.

Алдағы уақытта Ресей, Қытай, Еуроодақ елдеріне жүк тасымалдайтын авиабағыттар ашылмақ. Сондай-ақ, тұрғындар кәрі құрлықтағы бірқатар мемлекеттерге де сапарға шыға алады деп жоспарланған. Бүгін көптеген жолаушылар Алматы қаласына ұшпақ. Толқын Сапарғали Петропавлға өзінің бизнес әріптестерімен кеше келіпті. Енді үйіне ұшақпен қайтпақ ниетте.

Толқын Сапарғали – жолаушы, Алматы қаласы:

– Келерімізде Астана арқылы келгенбіз. Енді тура Алматы қаласына қайтайын деп тұрмыз. Әрине, пойызбен түнделетіп жүрген қиын. Ал ұшақпен тез арада діттеген жеріңе жетесің.

Құжаттарын тексертіп, тіркеуден өткеннен кейін жолаушылар “Скат” әуекомпаниясының Боингына отыруға аттанды.

–  Қайта жаңғыртудан өткен әуежайда ұшу жолағы 300 метрге ұзартылып, 2800-ге дейін жетті. Ал ені 42-ден 45 метрге дейін кеңейтілді. Енді мұнда салмағы 99 тоннаға дейін жететін АН-24, Фокер-50 сынды ұшақтар емін-еркін келіп қона алады.

Бортында 50-ге тарта жолаушысы бар әуе кемесі ұшу жолағында жылдамдығын оңайлықпен арттырып, көкке көтерілді. Ұшақ Алматы қаласына 2 сағаттың ішінде жетеді.

 

Риат Шони