МТРА жаңалықтары

Ұлық мереке қарсаңында Бескөл ауылында 18 пәтерлік жалдамалы-коммуналдық жатақхана пайдалануға берілді

Баспананы “Лира” серіктестігінің жұмысшылары тұрғызыпты. Бүгінде жатақхананың ауласы абаттандырылып, сыртқы инженерлік желілер толығымен тартылған. Қасында “Мирас” балабақшасы бар.

Андрей Радченко – «Лира» ЖШС директоры:


– 18 пәтерлі шағын отбасылық жатақхананың құрылысына ел және облыстық қазыналардан 140 млн теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Сондай-ақ, ауланы аббатандырып, сыртқы инженерлік желілерді тартуға облыстық және республикалық бюджеттерден 43 млн 800 мың теңге бөлінген болатын.

Мұндағы пәтерге “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы аясында 6 ай өндірістік тәжірибеден өтіп, тұрақты жұмысқа орналасқандар қол жеткізді. Ұлық мереке қарсаңында баспаналы болғандарды облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров құттықтады.

Айдарбек Сапаров – облыс әкімінің бірінші орынбасары:


– Өңірде әсіресе жас мамандарды тұрғын үймен, әлеуметтік көмекпен қамту, жұмысқа орналастыру шаралары тиімді атқарылып келеді. Еліміздің әр азаматы ел мүддесі жолында адал қызмет ету қажет.

Баспанадағы пәтерлер 5 жылға жалға берілмек. Мұнда тұратындар коммуналдық төлемдерден бөлек, айына 5 мың теңгеден төлеп тұрмақ.

Әкімдіктегілер үйді үміткерлерге тапсырардың алдында отбасындағы адам санын ескерген. Дана Какенова мұнда
жұбайы Руслан және 2 ұлымен тұратын болады. Оларға үш бөлмелі пәтер бұйырды. Дана Какенова “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы аясында Қызылжар аудандық жер қатынастары бөлімінде 6 ай тағылымдамадан өтіп, сол бөлімге іс жүргізуші болып жұмысқа орналасқан.

Дана Какенова – Бескөл ауылының тұрғыны:


– Үлкен ұлым 1-сыныпта оқиды, кішісі балабақшаға барады. Балабақша жанымызда тиіп тұр. Отбасыма пәтер берілгеніне қуаныштымын. Үйдің іші жылы. Орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған. Пеш жағудың қажеті жоқ. Жуынатын бөлмелері ішінде.

Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында Бақытжан Теміровтің жанұясында да үлкен қуаныш орын алды. Ұлы Дастан мен келіні Жанарға осы тұрғын үйден орын берілді. Зейнеткер осылай ауылды көркейту керек сонда ел де гүлдене түседі дейді.

Бақытжан Теміров – зейнеткер:


– Ауылға дипломымен келген жастарға мемлекет тарапынан көп жағдай жасалып жатыр. Қазіргі таңда жастарға арналған баспаналар Бескөл ауылында ғана емес еліміздің түкпір-түкпірінде салынып жатыр. Келешекте бұл жұмыс жалғасын тауып, елімізде баспанаға мұқтаждардың саны азаяр деген үміттемін.

Келесі жылы Бескөл ауылында “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы аясында тағы бір 30 пәтерлік жатақхана салынады. Ол да жас мамандар мен жас отбасыларға арналмақшы.

Берік Қасен