Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті

Теріскейліктерді ұлық мерекемен құттықтаған аймақ жетекшісі Ерік Сұлтанов ширек ғасырда солтүстікқазақстандықтардың қажырлы еңбегінің арқасында барлық сала дамығандығын атап өтті.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


–  Ширек ғасыр ішінде әрбір қазақстандық ауыр жолды еңсеріп, шыныға түсті. Соңғы 20 жылда облыста өңірлік ішкі өнім 13 есеге өсіп, 837 млрд теңгені құрады. Жан басына шаққанда бұл көрсеткіш 19,5 есеге өсіп, жарты миллионға жетті. Негізгі капиталға құйылған инвестиция 1997-ші жылмен салыстырғанда 37 есеге өсті. 2015-ші жылы біз өңірге 155 млрд теңге инвестиция тарттық. “Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020” бағдарламасы аясында облыстың 5 ауданында жастарға арналған 135 пәтерлі 6 жатақхананың құрылысы аяқталуға шақ қалды.

Ал индустрияландыру бағдарламасының арқасында соңғы 6 жылда өңірде 40 жаңа өндіріс ошағы ашылып, 2 мың жұмыс орны пайда болды. 2017-ші жылы шамамен 8 жоба іске асырылады деп жоспарланған. Былтыр өңір кәсіпорындары жалпы сомасы 167 млрд теңгенің өнімін өндіріпті.
Бұдан кейін облыс әкімі Ерік Сұлтанов еңбегі еленген жандарды марапаттады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, СҚО Құрметті азаматы Құдайберген Қалиев мемлекеттік “Парасат” орденін иеленді. Ол көптеген жылдар бойы өңірдің экономикасын дамытуда қажырлы еңбек етіп келеді.

Құдайберген Қалиев – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, СҚО Құрметті азаматы:


–  Бұл менің ғана марапатым емес. Менімен бірге еңбектенген, үзеңгілес жолдастарым бар. Соларды да осы наградамен құттықтаймын.

Сондай-ақ, шарада 14 адам “Құрмет” орденін иеленді. Марапатталғандардың қатарында «Петропавл арақ зауыты БН» ЖШС директоры Тахир Гусейнов та бар. Оның Қазақстанға келгеніне 27 жыл болыпты. Айтуынша, тілі мен ділі басқа болса да, барлық халық бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде.

Тахир Гусейнов – «Петропавл арақ зауыты БН» ЖШС директоры:


–  Біз Қазақстанда тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Мен елімнің гүлденуі үшін аянбай тер төгемін деп сөз беремін.

Ал “Асыл мұра” орталығының жетекшісі Таңат Сүгірбаев бүгін “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл” мерекелік медалін тағынды. 15 жылдық тарихы бар аталмыш орталық танымал жерлес тұлғалар жайлы 70-тен астам кітап жазып шығарыпты.

Таңат Сүгірбаев – “Асыл мұра” орталығының жетекшісі:


–  Бұл кітаптардың жастарға, студенттерге, оқушыларға берер тәрбиелік маңызы зор. Сондай-ақ, шежіре жинақтады. Бірақ, әлі де жинайтын құндылықтар көп.

Жалпы салтанатты шара барысында 77 теріскейлік түрлі дәрежедегі марапаттарға ие болды. Жиын соңында солтүстікқазақстандықтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтай келген қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Әйгерім Қалаубаева ән-шашу сыйлады.

Риат Шони