МТРА жаңалықтары

Петропавлда допты хоккейден республикалық жарыс бастау алды

Бұл додада тағы теріскейлік қос құрама бақ сынауда. Спортшылардың жалпы саны 80-ге жуық. Олар бұл бәсекеде өзара кездесулер өткізіп, жеңімпазды анықтайды.

Нұрлан Оразғалиев – жарыстың бас төрешісі, Орал қаласы:


–  Біздің әрбіріміз үшін Қазыбек Байболов үлгі тұтар хоккейші болып қалады. Тағы, айта кетерлігі бұл додаға қатысып жатқандардың ішінде жастар көп. Осылайша, ел намысын қорғайтын болашақ спортшыларды іріктеп алмақпыз.

Республикалық жарыстың алғашқы кездесуі солтүстікқазақстандық “Волна” мен Астана қаласының құрамасы арасында өтті. Матчтың алғашқы минуттарынан жерлестеріміз ойын тізгінің өз қолдарына алды. Көп кешікпей есеп ашып, алға шықты.

Жалпы, ойын екі таймнан тұрды. Айдында күш сынасып жатқан әр құрама сапында 11 ойыншыдан бар. Бұл кездесуде шынымен де жерлестеріміздің қарсыласқа қарағанда басымдығы сезілді. Қос 45 минуттықтың қорытындысы бойынша теріскейліктер елордалықтарды 13-те 0 есебімен тас-талқан етіп ұтты.

Евгений Каминский – СҚО допты хоккей федерациясының төрағасы, “Волна” құрамасының қорғаушысы:

– Мұз айдынның кеш құйылғандығына байланысты жарысқа ұзақ уақыт дайындала алмадық. Бірақ, құрамадағы шебер хоккейшілердің арқасында жақсы ойнап жеңіске жеттік. Ендігі кездесулерде ұпай алуға міндеттіміз. Өйткені, өз өңірімізде ұйымдастырылған додада жеңіске жету қажет.

Допты хоккейден Қазақстан кубогі Петропавлда желтоқсан айының 17-ші жұлдызына дейін жалғасады. Жарыс жүлдегерлері медаль, грамотамен марапатталады. Ал, жеңімпаз кубокқа ие болмақ.

Култанов Байболат