МТРА жаңалықтары

Петропавлда “Баларман” балабақшасы ашылды

Осы қуаныштарымен жерлестерімізді облыс әкімі Ерік Сұлтанов құттықтады. Аймақ басшысы өз сөзінде елімізде, соның ішінде өңірде бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінгендігін тілге тиек етті.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

 


– Еліміздің көк байрағын көтеретін, болашақтың тізгінін ұстар азаматтар тәрбиелеу қашанда мемлекет назарында. Елбасы өзінің жолдауында білім сапасын арттыру міндетін қойды. Осы жұмыстар жеке меншік кәсіпкерлердің арқасында орындалуда.

“Баларман” балабақшасының ашылу салтанатына келгендердің қатарында ата-аналардың саны басым. Олар қаламызда жаңа мектепке дейінгі білім беру ошағының тұрғызылғандығына қуанышты.

Әлия Исмаилова – ата-ана:


– Қаламызда жаңадан балабақша ашылғандығына қуаныштымыз. Бұл жерде менің балам мектепке дейінгі білім алатын болады.

Кейін, аймақ басшысы Ерік Сұлтанов балабақшаның салтанатты түрде таспасын қиды.

Бұдан соң облыс әкімі балабақшаның ішін аралады. Мұнда Ерік Сұлтановты кішкентай балғындар тақпақ айтып қарсы алды.

Жалпы, “Баларман” балабақшасы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жұмыс істейді. Нысанның аумағы – 2637 шаршы метр. Ғимарат жарық әрі кең 50-ге жуық бөлмеден тұрады. Тағы, спортзал акт залы мен асхана бар. Мұнда бірінші қабаттан 3-інші қабатқа тамақ арнайы жеделсаты арқылы жеткізіледі екен. Жаңа мектепке дейінгі білім беру ошағының ашылуынан соң 50-ден аса жерлесіміз екі қолға бір күрек тауыпты. Оның 14-і тәрбиеші болып жұмыс істейді.

Балдырған Ілиясов – “Баларман” балабақшасының директоры:


– Бірінші қабатта әкімшілік орналасқан. Екінші, үшінші қабатта – балабақша. Жатын, ойын бөлмелері бәрі де сонда.

Теріскейде жыл артқан сайын балабақшалардың саны артуда. Мәселен, соңғы 5 жылда “Мемлекеттік білім беруді дамыту бағдарламасы” аясында мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен 12 мыңнан аса бала қамтылған. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар жалғастырылмақ.

Гүлмира Кәрімова – Петропавл қаласы білім бөлімінің басшысы:


– Қазіргі таңда Петропавлда 10 мыңға жуық бала балабақша кезегінде тұр. Бұл мәселе жыл артқан сайын шешілуде.

Бүгінгі күні Петропавлда 26 мемлекеттік балабақша бар. Тағы, 17 мектепке дейінгі білім беру ошағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жұмыс істейді.

Култанов Байболат