Білім

Назарбаев Зияткерлік мектебінде ашық есік күні өтті

Нұрғали Елшібеков – Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры:


–  Түлектеріміздің дені Назарбаев Университетіне түседі. Арасында шетел асатындар да бар. Және еліміздегі өзге де ЖОО-ын таңдаған түлектер де бар.

Желтоқсанның 12-нен бастап, еліміздегі аталмыш білім ошақтары оқушылардың құжаттарын қабылдауды бастайды. Ал келер жылдың басында конкурстық іріктеу жүргізіледі. Яғни, Назарбаев Зияткерлік мектебінің студенті атанғысы келетін ұл-қыздар бірнеше пәннен сынақтан өтеді.

Нұрғали Елшібеков – Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры:


–  Біз 7-ші сыныпқа оқушылар қабылдаймыз. Ол үшін олар біздің арнайы емтихзаннан өтулері қажет. Болашақ студенттеріміз математика мен логикадан жүйрік болып, 3 тілді білулері керек.

Жыл сайын Назарбаев Зияткерлік мектебіне түскісі келетіндердің саны артып келеді. Бұл ретте еліміздегі аталған барлық мектептерде ашық есік күні ұйымдастырылды. Мұнда оқушыларға студенттердің ғылыми жобалары мен шығармашылық жұмыстары көрсетіліп, зияткерлік мектептің білім беру жүйесі таныстырылды.

Томирис Ахметбекова – Өнер колледжі-музыкалық-эстетикалық бейімдегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешенінің оқушысы:

– Мен де осы мектепте оқығым келеді. Ол үшін сынақты жақсы тапсыру керек. Енді сабағымды оқып, сынаққа дайындалуым қажет.

Қазір мұнда 10-ға жуық үйірме жұмыс жасайды. Оның ішінде «Дизайн», «Домбыра», «Хореография», «Шахмат» және «Қыш өнері» де бар. Мерей Төкен бимен шұғылданады. Және қолы бос кезінде «Қыш өнеріне» қатысқанды ұнатады. Өйткені, бұл жерде барлық мәселелерді ұмытып, демалуға болады дейді жеткіншек.

Мерей Төкен – Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің студенті:

 


–  Сабақтан шаршаған кезде осы үйірмеге келіп, дем аламын. Пластилинмен және ағашпен жұмыс жасаймыз.

Айту керек, Назарбаев Зияткерлік мектебінде ұйымдастырылған ашық есік күніне өңіріміздің түкпір-түкпірінен 100-ден астам оқушы мен ата-ана жиылды.

Айгерим Ержанова