МТРА жаңалықтары

СҚО-да 411 адам жалақыларын ала алмай жүр

Қаржы басқармасының басшысы Ескен Әкімжановтың айтуынша 2017 жылы өңір бюджетінің жалпы мөлшері 156 млрд теңгені құрамақ. Ал, кіріс мөлшері 14 млрд теңге шамасында болады деп жоспарланған. Қазынаға келіп түсетін қаражаттың басым бөлігі салықтың есебінен. Ол шамаман 34 миллиард теңгені құрайды.
Келер жылы облыстық бюджеттің шығын мөлшері 71 жарым млрд теңгеге жуықтамақ.

Ескен Әкімжанов, СҚО қаржы басқармасының басшысы:


– 2017 жылғы қаражаттың басым бөлігі білім саласына бағытталған. Ол 47 млрд 353 млн теңгені құрайды. Бұл соманың 8 млрд 930 млн теңгесі облыстық бюжеттен бөлінбек. Ал, 2018 жылы салаға 47 млрд 840 млн теңге қарастырылмақ. 2017 жылы денсаулық сақтау бағытына 2 млрд теңге жұмсалады.

Ал, кейін қоғамдық тыңдалым тақырыбы жұмыс бергенімен, жалақы төлемейтін кәсіпкерлер жайына ойысты. Келісімшартқа отырмай жұмысқа қабылдап, еңбек ақының берілуін бөгеу, қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етпеу. Биыл облыстық еңбек инспекциясы басқармасында осы сынды бір жарым мың құқықбұзушылықтар тіркеліпті.

Қайрат Пішенбаев, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:

– 2016 жылы жалақының уақытында берілмеуіне байланысты 194 арыз келіп түсті. Оның барлығы қаралып, жұмыс берушілерге шара қолданылып, еңбеккерлердің конституциялық құқықтары қорғалды. 194 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 35,4 млн теңге айыбын төледі.

Жалпы айтқанда жергілікті кәсіпкерлер  еңбегін пайдаланған 411 адамға 67 миллион теңге қарыз көрінеді. Бір ғана Тайынша ауданында 227 тұрғын 41 миллион тиісті ақшаларын ала алмай әлек. Бүгін Солтүстік Қазақстандағы бұл 11 борышкер жұмыс беруші қоғамдық тыңдалымға шақыртылған. Бейбіт Ахметов – «Қайранкөл-Астық» кәсіпорнының жетекшісі. Оның қоластында істейтін 37 адам жаздан бері жалақыларын алмаған.

Бейбіт Ахметов, «Қайранкөл-Астық» ЖШС жетекшісі:


– Элеватордың астықты жөнді қабылдамағанына – 2 жыл. Жұмыс тоқтап тұр десек те болады. Өткен жылы екі тонна, биыл бір жарым тонна астық қабылдадық. Еңбекақыны өзіміз көрсеткен қызметтер арқылы төлейміз.

Аталған кәсіпорынның еңбекақы бойынша берешегі 7,8 миллион теңгені құрап отыр. Қызметшілеріне ақша төлей алмай отырған кәсіпкерлердің басым бөлігінің жұмысы жүрмей тұрған көрінеді. Бүгін қоғамдық кеңес мүшелері оларға желтоқсанның 25-не дейін уақыт берді. Егер олар осы мерзімге дейін жұмыскерлеріне ақша төлемесе осы залға қайта шақыртылмақ.

Ақбөпе Тәңірбергеннің