Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірге жұмыс сапарымен ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин келді

Адам танымастай болып өзгерген. Бұндағы қайта жөндеу жұмыстары өткен жылдың тамыз айында басталған болатын. Мердігер компания – астаналық “Энергосервис” ЖШС. Қазіргі таңда жұмыстардың 90 пайызы тындырылыпты.

Марат Хасенов – “Петропавл халықаралық әуежайы” АҚ директоры:


–  Жыл соңына дейін аэровокзалдағы барлық жұмыстарды аяқтауды жоспарлап отырмыз. Терминалды жөндеу үшін республикалық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда Петропавл-Астана бағытында ұшақтар қатынап жатыр. Ал 14-ші желтоқсаннан бастап Алматыға рейс ашылады.

Ал сағат тілі 10-55-ті көрсеткенде Петропавл халықаралық әуежайына ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин мінген ұшақ келіп қонды. Елордалық мейман жаңа терминалдың ішін аралап, өзгерістерді байқады. Кейін бірінші вице-премьерге ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің әуежайлар басқармасының басшысы Амантай Қоқатаев атқарылған жұмыстарды баян етті.

Амантай Қоқатаев – ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің әуежайлар басқармасының басшысы:


–  Ұшу жолағы 300 метрге ұзартылды. Енді әуе кемелерінің кез келген түрін қабылдай алатын мүмкіндікке ие болды. Жалпы ұшу-қону жолағын, перронды, басқару жолын, жарық беретін құрылғыларды қайта жөндеуге ел қазынасынан 5 млрд 990 млн теңге бөлінді. Әуежай сағатына 150 жолаушыны қабылдап-жөнелтуге қауқарлы.

Әуежайда атқарылған жұмыстармен танысқан ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин алдағы уақытта жаңа рейстерді қабылдауға үкімет көмектесетіндігін жеткізді.

ххххххххххххххххххххххххххх

Осы күні ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин “Мұнаймаш” АҚ -на соқты. Мұнда шығарылатын өнім түрлерімен танысты. Зауыт биылдан бастап вагонға арналған тербелістерді бәсеңдеткіш бұйымдарды шығара бастады. Бұл деталь жылдамдықты жоғарылатқанда вагондардың рельстен шығып кетуін болдырмау үшін керек. Оған “Қазақстан темір жолы” Ұлттық компаниясы тапсырыс беріпті. “Мұнаймаш” зауыты аталған кәсіпорынмен ұзақмерзімге келісімшарт жасасқан екен. Бұдан басқа мұндағылар мұнай-газ саласына қажетті сорғылар құрастырумен айналысады. Оған да сұраныс жоғары.

Спартак Пушкарев – “Мұнаймаш” АҚ басқарма төрағасы:


– Жылдық жоспар бойынша биыл 8 мың дана мұнай көтеруге арналған сорғы құрастырдық. Зауыт жыл соңына дейін Батыс Қазақстан облысындағы мұнай өндіретін 10 шақты отандық компанияның сұранысын қанағаттандырмақшы. Тапсырыстың жиынтық құны 2,5 млрд теңгені құрайды.

Мұнай-газ, темір жол саласына қажетті құрал-саймандарды жасайтын заут шетелдік алпауыт “Buzachi Operating Ltd.” (Бузачи Оперейтинг Лтд.) компаниясымен де тығыз қарым-қатынаста. Келешекте жергілікті “Мұнаймаш” АҚ-ның өндірген өнімін “Теңізшевройл” ЖШС, “Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг БВ” компаниялары алатын болады.

хххххххххххххххххххххххххх

Көркем табиғат, таза ауа. Бұл – «Green Рark» таңдаулы отбасылық парк-отелі орналасқан жер. Жұмыс сапары барысында өңірдегі туризм саласының қалай дамып жатқандығын байқаған ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин осында да бас сұқты. Бүгінде демалыс орнында 9 үй бар екен. Елордалық мейманды «Green Рark» таңдаулы отбасылық парк-отелінің құрылтайшысы Максим Калинин қарсы алып, мұнда келушілерге қандай жағдай жасалғандығын айтты. Сондай-ақ, алдағы жоспарларын да баян етті.

Максим Калинин – «Green Рark» таңдаулы отбасылық парк-отелінің құрылтайшысы:

– Қыс уақытында бізге келушілерге арналып мұз айдыны құйылды. Төбешік те бар. 250 жұп коньки мен 30 жұп шаңғы әзірлеп қойдық. Сондай-ақ, кафе салынып жатыр. Екі аптадан кейін қолданысқа тапсырылады. Бізде бассейнің құрылысы аяқталды. Көктемде үстін күмбезбен жабамыз. Кейін ол жабық болады.

Бұдан соң Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин Бескөл ауылындағы “Радуга” ЖШС-не аялдады. Кәсіпорын пластмассадан шелек, леген, себет пен түрлі ыдыс-аяқтарды жасайды. Сондай-ақ, мұнда жиһаз цехы да бар. Серіктестік өткен жылы мемлекеттік индустриялдық инновациялық даму бағдарламасы аясында жалпы сомасы 56,9 млн теңгенің жобасын іске асырыпты.

Дмитрий Шарапаев – “Радуга” ЖШС бас директоры:


–  Біз өз өнімдерімізді ел аумағы мен қатар көршілес Ресейге де экспорттаймыз. Өзіміздің дүкен желіміз бар. Қазақстанда оның 11 филиалы орналасқан. Сондай-ақ, Петропавл қаласында да өндіріс алаңымыз бар. Онда құрғақ тамақтар, жүгері таяқшаларын шығарамыз. Оған қоса жылдам әзірленетін салма өндіретін зауытты салып жатырмыз. Оны келер жылдың ақпан-науырз айларында іске қосамыз деген жоспар бар.

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин барлық цехтарды аралап, кәсіпорын өндіретін өнімдермен мұқият танысты. Жұмысшылардың санын сұрастырып, серіктестіктің мемлекеттік бағдарламаларға қалай қатысып жатқандығын білді.

Жалпы “Радуга” ЖШС бүгінде 4 цех жұмыс істеп тұр. Мұнда 300 адам еңбек етеді.