Аптадағы маңызды жаңалықтар

Үздік ауылдық мәдениет мекемесі-2016″ облыстық байқауының гала-концерті өтті

Клара Қошаева – Ғ.Мүсірепов мұражайының меңгерушісі, Жамбыл ауданы:

– Біздің музейде жазушының еңбектері, кітаптары, хаттары бар. Туыстарының фотосуреттері жайғасқан. Құнды жәдігерлердің ең көнесі ол Ғ.Мүсіреповтың ер сүндеті. Бұны жазушының кіндік әкесі Жүсіп деген шебер жасаған.

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов мұражайлардың көрмесін аралап, құнды жәдігерлерді қызығушылықпен қарады. Бұдан кейін “Үздік ауылдық мәдениет мекемесі-2016” атты облыстық байқауының гала-концертіне келген қауым үлкен залға жиылды. Теріскейліктерді Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтаған аймақ жетекшісі облыста мәдениет пен архивтің ширек ғасыр ішінде қалай дамығандығына тоқталып өтті. Мәселен, аталған саланың бюджеті 10 есеге артыпты.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тәуелсіздік жылдары өңірде екі театр, 6 жаңа музей, “Абылай хан Резиденциясы” мұражай кешені, қалалық архив пен Жастар сарайы ашылды. Ал ауылдарда клубтар мен мәдениет үйлері, кітапханалар өз жұмысын қайта жандандырды. 6 бірдей аудандық архив өздерінің жеке ғимараттарына қол жеткізді. Қазір С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында 500 орынға шақталған жаңа залдың құрылысын жүргізуге арналған жоба жасалуда. Бұл жұмыстарды 2018 жылы аяқтаймыз деп жоспарлаудамыз.

Бұдан кейін аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі және қоғамдық өмірге белсенді араласқаны үшін 3 жерлесімізді Құрмет грамотасымен марапаттады. Еңбегі еленгендердің қатарында Айыртау ауданындағы Шоқан Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық мұражайының экскурсоводы Нұргүл Құлбаева да бар. Нәзік жанды аталмыш музейде 23 жыл бойы жұмыс істеп келеді екен.

Нұргүл Құлбаева – Шоқан Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық мұражайының экскурсоводы, Айыртау ауданы:

– Бізге шетелдерденде қонақтар келеді. Негізі келушілеріміз ол оқушылар. Біз оларға арнап түрлі іс-шаралар өткіземіз. Жалпы Шоқан Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық мұражайы 4 бөлмеден тұрады.

Сондай-ақ, салтанатты шара барысында “Облыстың үздік музейі,” “Медиатекасы” және “Ауылдық мәдениет мекемесі-2016” сынды номинацияларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері қошеметке бөленіп, ақшалай сертификаттарға ие болды. Ерекшеленгендердің қатарында Қызылжар аудандық архиві де бар. Бұл мекеме бүгін “Жылдың үздік архиві” аталымында оқ бойы оза шауып, облыс әкімінің қолынан 500 мың теңгенің сертификатын алды.

Халия Бектасова – Қызылжар аудандық архивінің директоры:

– Біз биыл “Еңбек ерлері” деген кітап шығардық. Ол үлкен жетістік. Бүгінде біз 1500-дей мемлекеттік қызмет көрсетеміз. 60 мыңнан астам құжаттарымыз бар.

Ал биыл өзінің 130-шы маусымын ашқан Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрына аймақ басшысы Ерік Сұлтанов 10 млн теңгенің сертификатын табыс етті. Осы жылы тетар труппасы көрермендерді әлі де біраз қойылымдармен қуантпақ ниетте екен.

Спартак Рамазанов – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының директоры:

– Біз 2005 пен 2015 жылдар аралығында басқа қалаларға гастрольдік сапарға шыға алмағанбыз. Енді бұл мәселе қазір шешілді. Қарағанды, Ақмола облыстарына өз қойылымдарымызбен бардық.

Шара концерттік бағдарламамен жалғасты.

Риат Шони