Білім

СҚО білім беру қызметкерлерінің форумы өтті

Әдия Ахметова – педагогикалық еңбек ардагері:

– Білім саласындағы сол бір кезең өте бір қиын, бірақ та маңызды кезең болды деп айтуға болады. Біздің облыс орталығымызда бірде бір қазақ мектебі, қазақ тобы болған жоқ. Егемендікке қол жеткізген жылдардан бері мемлекеттік тілге деген құрмет артып, қазақ мектептері ашыла бастады.

Тәуелсіздік жылдарында облысымызда 27 жаңа мектеп қолданысқа тапсырылыпты. Дені елдімекендерде орналасқан. Онда балалар қазақ және орыс тілінде білім алуда. Аймағымызда мектепке дейінгі білім беру мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді. Осы бағытқа кәсіпкерлер белсенді тартылуда. 2017 жылдан бастап мектеп түлектеріне кәсіптік-техникалық білім қолжетімді болмақ.

Форумға қатысушыларды Ұлық мерекемен аймақ басшысының орынбасары Анархан Дүйсенова құттықтады. Кейін көп жылдар бойғы табысты, еселі еңбегімен ерекшеленгендердің аты мақталды. Педагогтар облыс әкімінің сондай-ақ бейінді министрліктің Құрмет грамотасы және Алғыс хатна ие болды.

Осы күні Петропавл темір жол көлігі колледжінің оқытушысы Борис Шипулинге “Еңбек ардагері” атағы берілді. Ал Сайлау Жанаевтың кеудесіне “Ы.Алтынсарин” медалі тағылды. Ол білім саласына 30 жылын арнапты. Қазіргі таңда Айыртау ауыл шаруашылығы колледжін басқарады.

Сайлау Жанаев – “Ы.Алтынсарин” медалінің иегері, Айыртау ауыл шаруашылығы колледжінің директоры:

– Колледжді басқарғаныма алты жыл толды. Біз ауыл шаруашылығы саласын білікті кадрлар даярлааумен айналысамыз. Соңғы жылдары колледжде жаңа мамандық түрлері оқытыла бастады. Бүгінгі жиында еңбегімнің еленгені мені қуантады.

Жиын соңында ұстаздар қауымы Елбасы “100 нақты қадам” ұлт жоспарында белгілеп берген тапсырмаларды ойдағыдай орындаймыз деп уәде берді.

Берік Қасен