МТРА жаңалықтары

Петропавл қаласының бас жоспары талқыланды

Әркінжан Маметов – “ЖБ “Градо” ЖШС директоры, Алматы қаласы:

– Барлық нұсқалардың бағасы 19,7 мен 4 млрд теңгенің аралығында. Біз барлығын саралай келе алғашқысына тоқталдық. Бұнда “Солнечный” кентіндегі, “Береке” шағын ауданының оңтүстік жағындағы құрылыстарды толығымен аяқтау көрсетілген. Сонымен қатар, бізге қаланың негізгі бөлігі мен “Солнечный” кентінің арасындағы аумақты игеру қажет. Яғни, қаланы дамытқанда біз солтүстіктегі “Набережный”, “Солнечный”, ал орталықтағы “Қопай”, “Береке”, кіре беріс магистральдағы “Пестрое” аудандарын толғымен игеру керекпіз.

Алдағы уақытта шаһарда жаңа саябақтар, демалыс орындары пайда болмақ. Тарихтан сыр шерткізетін жерлер сақталады. Жоба авторлары қағиданы Петропавлда 400 мың тұрғын болады деп әзірлепті. Ал бүгінде қала тұрғындарының саны 215 мыңның маңайында. Отырыста қала құрылысының бас жоспарын егжей-тегжейлі қараған кеңес өкілдері өз ұсыныстарын айтты.

Ермек Омаров – СҚО бойынша экология департаментінің басшысы:

– “Береке” шағын ауданындағы көшелер тым тар. Онда екі машина сыймай жатады. Қазір екінің бірінде темір тұлпар бар. Оны қоятын тұрақтар жоқ. Бұның барлығын осы концепцияда көрсету қажет. Ал біздің департамент бұнымен әлі танысқан емес.

Аймақ басшысы Ерік Сұлтанов айтылған барлық ұсыныстар мен ескертулерді түзетіп, концепцияны желтоқсанның 20-сы күні қайта талқылау керектігін тапсырды.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қала құрылысы кеңесінің барлық мүшелері концепцияның барлық есебін алып, зерттеңіздер. Сіздердің сұрақтарыңыз ескерілгенін қадағалаңыздар. Біз кейін желтоқсанның 20-сы күні бұны қайта қарайтын боламыз.

Жалпы қазіргі бас жоспар 2050-ші жылға дейін түзетіледі. Бірақ, жоба авторларының Петропавл қаласын 100 жылға дейін дамытуға арналған ұсыныстары бар. Олардың есебінше оған дейін Есіл өзенінің сол жағалауы игеріле бастайды.

 

Риат Шони