МТРА жаңалықтары

Қызылжар ауданының орталығында кәсіпкерлер форумы өтті

2012 жылдан бастап Қызылжар ауданында 1 400-ден астам адам тұрақты жұмысқа орналасыпты. Соның 4 пайызы – мүгедектер. Сондай-ақ, ауданға қарасты 61 елді мекенде жолдар қалыпқа келтіріліп, көшеге шамдар орнатылуда. Жақында 18 пәтерлік жатақхана қолданысқа тапсырылады. Мұның бәрі мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылуда.

Раушан Текебаева – Қызылжар ауданының халқын жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Бағдарламаның І-ші бағыты: инфрақұрылымдық және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы нысандарын жөндеу бойынша 117 жоба жүзеге асырылды. Ол жұмыстарға 219 адам тартылды. Бағдарламаның ІІ-ші бағыты кәсіпкерлікті ынталандыруға арналған. 2011 жылдан бастап үстіміздегі жылға дейін 169 адам барлығы 434 млн теңгеге жуық несие алды. Заемшылар 271 жұмыс орнын құрды. 141 іскер азамат кәсіпкерлік негіздері курсынан өтті.

«ЖҚЖК» бағдарламасы аясында тұрғындарға 3 млн теңгеге дейін шағын несие беріледі. Қарызды алар кезде әбден ойланып алған жөн дейді аудан әкімі Болат Жұмабеков. Себебі, қарыз алып, кепілдікке қойылған мүліктерден айырылу ықтималдылығы жоғары болады.

Болат Жұмабеков – Қызылжар ауданының әкімі:

– Шағын несиені алмас бұрын әбден ойластырып алу керек. Мемлекеттік органдардан қандай іспен айналысу тиімді екенін сұраған артық болмайды. Сондай-ақ, бизнеске қойылатын талаптар кейде өзгеріп тұрады. Сол себепті, заңдар мен стандарттарды жиі оқып тұрған жөн.

Жиында аудан әкімі әсіресе, қызмет көрсету саласы кенжелеп тұрғанын айтты. Біразына ой тастап, бірнеше мысалдар келтірді. Бескөл ауылында киімді химиялық тазалау және жуу бойынша орталық ашуға болады екен. Жиын барысында іскер азаматтар өтініштерін айтты. Анатолий Никишин «ЖҚЖК» бағдарламасы бойынша 3 млн теңге несие ресімдеп, Петерфельд селосында халыққа монша және кiр жуу қызметiн ұсынады. Бүгінде кәсіпкер Әскери институт, балабақша, ауруханалардың тапсырысын орындауда.

Анатолий Никишин – жеке кәсіпкер, Қызылжар ауданы:

– Орталығымыз кiлем, алаша, перде, төсек-орын тысын жуу қызметiн көрсетедi. Кейде азаматтарды әлеуметтiк жұмыс орындарына қабылдап тұрамыз. Маған қазір кәріздік желілерді жаңартып, орталыққа 200 метр су құбырын тарту керек. Осы мақсатқа аталған бағдарлама аясында тағы да бір несие алсам деймін.

Форумда аудан әкімі Болат Жұмабеков бірнеше кәсіпкердің өтінішін тыңдады. Шешілуі тиіс мәселелерді жоспарына қосты.

Берік Қасен