Ауыл шаруашылығы

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту

Ғайни Сарбасова – «Қазақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы:

– Бидай мен майлы дақылдарды сақтауда полиэтилен қаптамаларын қолдану астықты тасымалдау шығындарын азайтады. Екіншіден, жиып алған өнімді сақтау үшін үлкен ғимараттар салып, оған қосымша қаржы жұмсаудың қажеті жоқ. Осыған орай біздер институт ретінде осындай қаптардың ішінде сақталып жатқан астықтың температурасын қашықтықтан өлшеуге арналған жүйе жасадық. Ол өте ыңғайлы болмақ.

Елімізде түрлі дәнді-дақыл көптеп өсіріледі. Бірақ, оны терең өңдеу процесі жоқтың қасы. Сондықтан, шикізатты біздер шетелге экспорттап кейін дайын өнімді өзгелерден сатып аламыз. Аталған мәселені шешу үшін осы институт өкілдері жиналғандарға бірқатар тартымды жобалар ұсынып отыр. Тағы астаналық меймандар ауыл шаруашылығы саласында кадр дайындау мәселесіне ерекше көңіл бөлу керектігін айтуда.

Рашид Өскенов – С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің өкілі, Астана қаласы:

– Оқу процессінде де бизнеспен әріптестік орнату маңызды. Осы орайда біздің оқу орны ірі аграрийлермен жұмыс жасайды. Олар бізге мамандарды қандай бағытта дайындап шығу керектігін айтады. Өздерінің қолданып жатқан технологияларымен бөліседі. Жастарымыз агроқұрылымдарда тәжірибеден өтіп, ғылыми жобалары бойынша солармен бірлесіп жұмыс жасайды. Білімдерін шыңдайды. Мұның студенттер үшін маңызы зор.

Жалпы ауыл шаруашылығы саласы дамып, отандық ғылыми жобалар көптеп жүзеге асырылу үшін бірлесіп жұмыс істеу маңызды. Сондықтан, елімізде 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мемлекеттік бағдарламасының жобасы жасалды. Ғалымдардың ұсынып отырған тың идеяларын аграрийлер өздерінде қолдануына болады. Бұл ретте қаржы институттары мен мемлекет оларға көмекке келмек.

 

Магжан Ахмадина