Спорт

СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының кеңейтіген алқа отырысы өтті

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Аймағымызда 2 816 спорттық нысан жұмыс істейді. Біз қысқы спорт түрлеріне басымдық берудеміз. Биыл Жаңажол ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Сондай нысанның тағы біреуі Қызылжар ауданындағы Новоникольское селосында ашылады. Есіл ауданындағы Заградовка селосында жабық мұз кешені пайдалануға берілді.

Осылайша, 2 жылдың ішінде облыс аумағында 8 жабық және 192 ашық хоккей корты орнатылыпты.
Кеңейтілген алқа отырысына қатысқан өңір жетекшісінің орынбасары Анархан Дүйсенова спорттың дамуына бірінші кезекте сала ардагерлерінің зор үлес қосқандығын ерекше атап өтті.

Анархан Дүйсенова – облыс әкімінің орынбасары:

– Өңір жаттықтырушылары 25 жылдың ішінде спорт ардагерлерінен көп нәрсе үйренді. Дене шынықтыру пәні мұғалімдері мен бапкерлердің де алатын жалақысы жақсы. Дарынды балалардың көбі ауылдан шығады. Сондықтан, аудандардағы дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің жетекшілері жұмысты ширатып, қажетті көмекті сұрау керек.

Бүгінде 356 жерлесіміз ұлттық құрама сапына енген. Үстіміздегі жылы жаттықтырушылар 8 халықаралық дәрежедегі спорт шебері және 40 СШ-ін дайындапты. Жиын барысында бапкерлердің еңбегі еленді. Жерлестеріміз облыс әкімінің және Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатын алды.

Ал Андрей Глывякқа гір спортынан «ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағы берлді.

Андрей Глывяк – гір спортынан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

– Еңбек жолымды 2004 жылдан бастадым. Сол уақыттан бері 20 ҚР спорт шебері, 3 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін дайындап шығардым. Сол еңбегім үшін маған “ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы” атағы берілді. Жылдар бойғы қажырлы еңбегімнің ескерілгеніне қуаныштымын. Алдағы уақытта да ел игілігі жолында қызмет етемін деп уәде етемін.

ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағы өңірімізде алғаш рет жерлесіміз Беспай Каиповке беріліпті. Сала ардагері сол куәлікті осыдан 25 жыл бұрын желтоқсанның 25-і алған екен. 100-ден астам шәкірт тәрбиелеп, соның тең жартысынан жеңімпаз шығарған бапкердің ізбасарларына айтары бар.

Беспай Каипов – грек-рим күресінен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

– Қазір бапкерлерге барлық жағдай жасалған. Тек шәкірттерін өз баласындай жақсы көріп, бар күш-жігерін салып, жемісті еңбек ету керек. Сонда ғана нәтиже болады.

2017 жылы Алматы қаласында 28-ші бүкіләлемдік қысқы Универсиада өтеді. Дүбірлі додаға СҚО-нан 8 үміткер таңдалып алынды. Олар үлкен сынға дайындықты бастамақ.

Берік Қасен