Энергетика

“Севказэнергосбыт” ЖШС-ің тарифтері келер жылы 28 пайызға өседі

Мағауия Сағандықов – “Севказэнергосбыт” ЖШС бас директорының міндетін атқарушы:

– Жылу есептегіш құралы жоқ жеке тұлғалар үшін тариф қосымша құн салығымен қоса есептегенде 1 шаршы метрге 122,34 теңге болады. Сондай-ақ, ескі үйлерге де арналған бағам бар. Қазір қалада бұндай 180 баспана бар. Олардың келешкте 101,9 теңгеден төлейді. Ал жылу есептегіш құралдары жоқ заңды тұлғалар енді 268 теңге шығындайды. Сонымен қатар, ыстық су үшін қосымша құн салығымен есептегенде бір адам 652,46 теңге төлейді.

Биыл жылу есептегіш құралы қалада 156 көпбақатты үйде орнатылған. Жоспар бойынша аталған аспап ағымдағы жылы 237 баспанада болуы тиіс. 2017-ші жылы дифференциалды тариф енгізілген жағдайда бұл үйдің тұрғындары үшін баға қазіргі секілді, яғни 95 теңгенің маңайында қалмақ.

Анатолий Мишин – Петропал қаласы әкімінің кеңесшісі:

– Жылу есептегіш құралдарын орнату керектігін тұрғындардың көбі түсіне бермейді. Бұл аспап нақты пайдаланылған жылуды көрсетеді. Сонда баспана иелері 30 пайызға дейін ақшаларын үнемдейді. Мәселен, бір жылда осындай құралдары бар тұрғындар жалпықалалық тариф 95,28 теңге болғанда бір шаршы метр үшін орташа есеппен алғанда 63 теңгеден шығындады. Сол себепті, азаматтарға айтарым, жылу есептегішті орнатып ақшаларыңызды үнемдеңіздер.

Негізі бұл құралды орнату үшін мемлекет тұрғындарға 4 жылға бөліп төлеу мүмкіндігін береді. Сонда пәтер иелері ай сайын аталған аспаптың құнын өтеу үшін шамамен 200-300 теңгеден төлеп отыратын көрінеді.

 

Риат Шони