МТРА жаңалықтары

Петропавлда айыппұлы бар жүргізушілерге қатысты рейд өтті

Игорь Александров, Петропавл қалалық ІІБ ЖПҚ жол полициясы батальонының полицейі:

– Екі бейнекамера орнатылған. Базадағы айыппұлы бар мемлекеттік нөмірлерді бірден көрсетеді. Иесі кім, қай күні қандай тәртіп бұзғаны үшін айыппұл салынды, сомасы қанша? Осы ақпараттың бәрі шығады. Сосын мен бірден жолда тұрған әріптесіме рация арқылы мына көлікті тоқтату керек деп хабарлаймын.

Рация арқылы берілген ақпараттан кейін инспектор бірден көрсетілген көлікті тоқтады. Мәселен, мына темір тұлпар иесінің 10 600 тг айыппұлы бар. Оған тиісті соманы төлеуге 30 күн уақыт берілген.
Тәртіп сақшысы жүргізушіге қарызы барын есіне салды. Бірақ, мұндай ескертумен құтылмайтындар да кездеседі. Белгіленген 30 күннің ішінде қарызын төлемеген азаматқа полиция қызметкері айып тұрағына баратын жолды көрсетеді.

Жанат Нұғманов, СҚО әділет департаменті әкiмшiлiк айыппұлдарды өндiрiп алу жөнiндегi бөлiмінің басшысы:

– Мұндай рейдтік шараларды тәртіп сақшыларымен бірлесіп жұма сайын өткіземіз. Нәтижесінде қарыздан жалтарып, берілген уақыт ішінде төлемей жүрген жүргізушілерді анықтаймыз. 30 күнде айыбын өтемегендердің көлігін айып тұрағына жөнелтеміз. Ол жерден жүргізуші машинасын тек қарызын толық қайтарғаннан кейін ғана алып кете алады. Биыл жыл басынан айыппұлы 147 млн теңгені құрайтын 9600 көлік иесіне қатысты құжат толтырылды. Оның жартысынан көбі өндіріліп алынды.

Бүгін айыппұлы бар 40-тан астам көлік жүргізушісі тоқтатылды. Оның үшеуі берілген 30 күнде қарызды төлемеген болып шығып, темір тұлпарлары айып тұрағына жөнелтілді.

 

Акбопе Танирберген