Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірімізде май өңдейтін зауыт іске қосылды

Зауыт жылына 300 мың тонна майлы дақылдарды өңдеуге қауқарлы. Аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін Қытай инвесторлары 22 млн доллар қаржы құйған. Болашақта инвестиция көлемі арта түспек. Өйткені, аспан асты елінен келген инвесторлар өңірде бірқатар ауқымды жобаларды қолға алмақ ниетте.

Цзя Хэи – «Айцзию» корпорациясының бас директоры:

– Біз осы облыста бірнеше жоба жасамақпыз. Соның алғашқысы осы майлы дақылдарды өңдеуге қауқарлы зауыт болса, келешекте ет, ұн өңдеумен айналысатын кәсіпорындар құрмақпыз. Бір айта кететін жайт, мұнда шынымен де инвесторларға тиісті жағдайлар жасалған. Жақсы қолдау көрсетіледі. Сондықтан, әлі жұмыс істеуге ниеттіміз.

Шынымен де аталған зауыттың өңірге берері мол. Ең алдымен өзімізде өсірілетін дақылдар шикізат ретінде алынып, одан сапалы май өнімдері жасалады. Екіншіден, шығарылатын өнім бірден экспортталады. Әрі жергілікті тұрғындарға жұмыс орындары құрылуда. Бүгіндері мұнда 60 адам еңбекпен қамтылған. Айта кету керек, зауыт құрылысы қысқа мерзімде жүргізілді. Мынау – негізгі цех. Мұнда орнатылған Қытай мен еуропалық қондырғылар тәулігіне 1000 тонна өнім өңдеуге қауқарлы екен. Барлығы автоматтандырылған.

Сәкен Мұхамедиев – «Тайынша-май» ЖШС тең құрылтайшысы:

– Біріншіден, рапс 100 градус температурада кептіріледі. Кейін тағы қуырылып, май шығады. Алынған өнім толығымен 100 пайызы Қытайға экспортталады.

Өңір жетекшісі Ерік Сұлтановтың айтуынша, облыста индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында ағымдағы жылы 8 млрд теңгеден астам соманың 9 жобасы іске асырылуы тиіс болатын. Мынау индустрияландыру картасына енген 8-ші жоба болып отыр.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

– Индустрияландыру аясында 41 жооба жүзеге асырылды. Соның ең ірісі осы Тайынша май.

Жалпы елімізде Индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру жылдарында 4 трлн теңгенің 961 жобасы іске қосылып, 90 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Осы жылдың соңғы 10 айында 179 млрд теңгенің 63 жобасы жүзеге асты. Орташа есеппен карта жобаларын іске қосу арқылы ай сайын 160 млрд теңге сомасында өнім өндіріледі.

 

Магжан Ахмадина