Спорт

СҚО Ерік Сұлтанов дәстүрлі шаңғы марафонына қатысты

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгінде біздің өңірде спорт саласы жақсы дамып келе жатыр. Жас өрендеріміз өздерінің шеберліктерін түрлі дәрежедегі жарыстарда көрсетіп жүр. Тәуелсіздік жылдары салынған спорттық нысандардың саны екі есеге артты. Қазіргі таңда мұндай 2 мың 700 ғимарат бар. Біз бұл жұмыстарды әлі де жалғастырамыз. Соңғы екі жылда 192 хоккей корты мен 250 футбол алаңын аштық.

Бұдан соң облыс әкімі Ерік Сұлтанов бастаған бір топ шаңғышылар жарыс жолына шықты. Олар 500 метр қашықтықты еңсеретін болады.

Бұнда арнайы таңдалған стиль жоқ. Бір айналымды 100-ге жуық адам еркін түрде жүріп өтті.

Сергей Пермин – жарыстың бас төрешісі:

– Бүгінгі шаңғы марафоны ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр. Дәстүрлі жарысқа қатысушылар 2 топта жүгірді. Бұл жолдастық жүгіру болғандықтан орындар анықталған жоқ. Жалпы бізде облыстық жарыстар желтоқсанның 8-і мен 11-і аралығында өтеді. Онда ел чемпионатына қатысатын спортшыларды іріктейміз.

Азат Назыров бала кезінен шаңғы тебеді. Тіпті спорттық бағдарлаудан ел чемпионы. Бүгінгі марафонда ол екінші топта жарысты. 500 метрді оңайлықпен еңсерген ол оқ бойы оза шауып, мәреге алғашқы болып жетті.

Азат Назыров – жарысқа қатысушы:

– Бұндай іс-шаралардың ұйымдастырылғаны өте жақсы. Өйткені салауатты өмір салтын ұстанған денсаулыққа пайдалы. Бүгін таңертең қар жауды. Жарыс жолында шаңғы аздап батып қалып жатты, бірақ қар жұмсақ. Жақсы жүріп өттім.

Марафонның соңында қатысушылардың барлығына сертификаттар табысталды.

 

Риат Шони