Спорт

Петропавлда облыс әкімінің кубогы үшін шайбалы хоккейден турнир өз жалауын желбіретті

Антон Федяев – облыс әкімінің орынбасары:

– Бүгінгі жарысқа қатысушы хоккейшілерді турнирдің ашылуымен құттықтаймын. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған сайыста тек шын мықты жеңіске жетсін. Мұндай турнирлер солтүстікқазақстандық өскелең ұрпақтың дене шынықтырумен айналысуларына үлкен серпін болмақ.

Осыдан соң жарыстың тартысты кездесулері басталды. Алғашқылардың бірі болып мұз айдынына Аққайың мен Есіл ауданының құрамалары шықты. Ойынның алғашқы минуттарында ақ жейдедегі спортшылар басымдық танытты. Осылайша, аққайыңдық хоккейшілер бірінші периодтың 17-ші минутында қарсылас қақпаға бірінші шайбаны салып, есепте алға шықты.

Қалған кезеңдерде де аққайыңдық хоккейшілердің мысы басым болды. Қорытынды есеп 5-2. Аққайың ауданының спортшылары қарсыластарына айқын басымдық танытып, өздерінің турнирдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Евгений Заруцкий – “Аққайың” хоккей құрамасының капитаны:

– Құрамадағы жігіттер жеңіске жетулері үшін барларын салды. Қарсыластарымыздың барлығы мықты. Жалпы аталмыш турнирде жеңіске жетеміз деген сенімдеміз. Үлкен дайындықпен келіп отырмыз.

Облыс әкімінің кубогі үшін өтіп жатқан шайбалы хоккейден турнир наурыз айына дейін жалғаспақ.

 

Айсулу Сергали