МТРА жаңалықтары

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ жалпы құны 47 млрд теңге болатын отандық 320 өндіріс ошағымен меморандум жасасыпты

Әлішер Пірметов – “Астана ЭКСПО-2017″ ҰК” АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

– Жалпы баламалы энергия көздеріне келетін болсақ, Энергетика министрлігі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Олар қазақстандық өнертапқыштардың берген ұсыныстарын қарап, көрмеде қойылуға лайықты 20-дан астам жобаны таңдап алды.

ЭКСПО–ның елімізге тигізер пайдасы көп дейді ұлттық компания өкілдері. Мәселен, көрмеге 2 млн адам келеді десек, онда туризм саласы да алға баспақ. ЭКСПО-ны өткізу үшін қазір елордадағы халықаралық әуежай мен темір жол вокзалында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, келуші шетелдіктерге арналып арнайы 73 маршрут құрылған.

Аллен Чайжүнісов – «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ алға жылжыту және туризм департаментінің директоры:

– Бұл маршруттар еліміздің барлық өңірлерін қамтитын болады. Ол үш деңгейден тұрады. Алғашқысы тарихи-мәдени болса, екіншісі -арнайы бағыт. Бұнда келушілер таулы өлкелерді аралайды. Ал соңғысы экомаршрут деп аталады. Ол ұлттық парктерді қамтиды. Бүгінде 12 саябақ таңдалып алынып, тиісті меморандум жасалынды.

Айта кету қажет, ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу үшін тұрғындар тырнақтап жинаған зейнетақы қорынан бір тиын да алынбапты. Ол үшін өзге қаржы көздері пайдаланылған.

Дәулет Еркембаев – «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ коммерциялау департаментінің директоры:

– Көрменің операциялық шығыны 283,5 млн евроны құрайды. Бұл ретте ұлттық компанияның басты міндеті осы қаржыны қайта қалпына келтіру болып табылады. Ол үшін билеттер саудаланып, көрменің өзінде отандық тауар өндірушілердің де өнімдері сатылмақ. Оның үстіне демеушілердің де қаржылары бар. Ол сома бүгінде 147 млн еуро маңайында. Яғни, қазір біздің операциялық пайдамыз 137 млн еуроны құрап отыр.

“Болашақ энергиясы” деп аталатын халықаралық көрме өткеннен кейін, нысандар қаңырап бос қалмайды. Ол алдағы уақытта тиісті мақсаттарда пайдаланылып, өз жұмысын жалғастыра бермек. Ал ғимараттарды қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан қаражат бөлінбейді екен.
«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» отандық кәсіпорындармен жақсы қарым-қатынас орнатқан. Қазіргі таңда жалпы құны 47 млрд теңге болатын отандық 320 өндіріс ошағымен меморандум жасалыпты.

Әлішер Пірметов – “Астана ЭКСПО-2017″ ҰК” АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

– Ең алғашқы меморандум Солтүстік Қазақстан облысымен жасалды. Алдағы уақытта бұл өңірмен туризм бағыты бойынша біраз жұмыстар атқарылмақ.

Айта кету қажет, 93 күн бойы өтетін ЭКСПО көрмесіне 4,5 мың ерікті тартылады. Қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінен келетін жастарды оқыту ісі жүріп жатыр. Ал билеттерге келетін болсақ, қазіргі таңда әзірге 600 мыңын сатып алу туралы меморандумға қол қойылыпты. Баспасөз мәслихатының соңында БАҚ өкілдері спикерлерге өз сұрақтарын жолдап, оған тұшымды жауап алды.