МТРА жаңалықтары

Солтүстікқазақстандық делегаттар 7-ші Азаматтық форум жұмысына қатысты

Биылғы алқалы жиынға еліміздің түкпір түкпірінен 250-ден аса делегат қатысыпты. Олардың қатарында теріскейліктер де бар. Жерлестеріміз мемлекеттік орган өкілдерімен кездесу барысында қоғамдағы күрмеулі мәселерді шешу жөнінде 7 ұсыныс білдірген.

Сергей Худяков, “СҚО азаматтық альянсы” ЗТБ төрағасы:


–  Мен азаматтық форумда Ұлттық экономика министрімен кездесіп, жергілікті өзін-өзі басқару жұмыстарын жетілдіру жөнінде бірқатар сұрақтар қойдым. Қазіргі күні алыс-шалғай ауылдардағы тұрғындардың белсенділігін арттыру қажет. Елді мекендерде тың жобалардың бастау алуына ат салысуға міндеттіміз. Менің ұсынысымды министр қабыл алып, алдағы уақытта осы бағытта жұмыстар атқарылады деді.

Жалпы, Астанада өткен алқалы жиынға өңірімізден 10 адам қатысып қайты. Олардың қатарында жергілікті “The Last Hope” үкіметтік емес ұйымы» -ның төрағасы Руслан Асаубаев та бар. Азамат жиында Ақпарат және коммуникация министрлігінің өкілдерімен кездесіп, өзінің ұсынысын жеткізген.

Руслан Асаубаев – «The Last Hope» үкіметтік емес ұйымы» ҚБ төрағасы:


–  Қазіргі күні мемлекеттік органдарға электронды хат жазсақ, жауабын 15-20 күнде қайтарамыз дейді. Бұл, әрине тұрғындар үшін белгілі бір қиындықтар туғызуда. Мен VII Үкіметтік емес ұйымдардың азаматтық форумында ұсыныс білдіріп, жауап хат берудің уақытын қысқартуды сұрадым. Бұл сауалды ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің өкілдері назардан тыс қалдырмайтындықтарын айтты.

Тағы, алқалы жиында үкіметтік емес ұйымдар арасында өткен жобалар байқауының жеңімпаздары белгілі болды. Сайыс қорытындысы бойынша Петропавл ПИК қауымдастығы “Таным” аталымын жеңіп алды.

 

Култанов Байболат