МТРА жаңалықтары

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де Тұңғыш Президент залы ашылды

Мереке қарсаңында 25 жұлдызды күн акциясының аясында білім ошағында Елбасының өмір жолынан, оның СҚО-на келген сапарынан сыр шертетін мынадай зал ашылып отыр. Енді мұнда студенттер, магистранттар мен оқытушылар кез келген уақытта келіп Нұрсұлтан Назарбаев жайында мол ақпаратқа сусындай алады.

Мүкарам Тайжанова, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ проректоры:

– Университетте қуанышты күн. Мұнда елбасы жайлы көптеген мағлұматтар қойылған. Қатарында аудиокітаптар да бар.

Мына сөреде Елбасы туралы еңбектер мен Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жазған кітаптар жайғасқан. Мұның барлығы университеттің жеке қорынан алынған. Залдың ашылу салтанатына келген меймандарға бұл жайлы университеттегі ктапханалық кешеннің директоры Бәтима Жәменова айтуда. Бұдан бөлек, жаңа залда Президенттің өмірі мен еңбек жолы туралы деректі фильмдерді теледидар арқылы тамашалайтын мүмкіндік те бар.

Айту керек, бүгінде М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің 10 студенті Президент стипендиясын алады. Бүгін олардың барлығы да ЖОО-дағы қоғамдық шараларға белсене араласқаны үшін арнайы сертификаттарға қол жеткізді. Ниязбек Укенов ақпараттық технологиялар факультетінде грантта оқиды. Президент стипендиясынан бөлек, Елбасы қорынан алатын шәкіртақысы тағы бар.

Ниязбек Укенов, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Мен Президент шәкіртақысын алатыныма қуаныштымын. Ол әркімге беріле бермейді ғой. Сондықтан, бұл менің оқытушылар мен елімнің алдындағы жауапкершілігімді арттырады. Биыл 4-ші курс студентімін. Сабағым кілең бес. Оқуымды аяқтап өз мамандығым бойынша қызмет еткім келеді.

Бұл залдағы атап кететін тағы бір сөре – “Елбасы СҚМУ-де” деп аталған. Мұндағы ерекше туынды – Нұрсұлтан Назарбаевтың аталмыш оқу орнына іс-сапармен келген сәтіндегі суреттерден құрастырылған альбом.

 

Айгерим Ержанова