Спорт

Солтүстікқазақстандық жасөспірім муай-тайдан әлем чемпионы атанды

2016-шы жылғы Әлем Кубогы Татарстан елінде өтті. Оған 20-дан астам мемлекеттің ең мықты деген спортшылары қатысып, бағын сынады. Қазақстанның намысын 13 жігіт қорғап, жүлделі 11 орынды иеленген. Оның екеуі – алтын. Біреуін алматылық жігіт, ал екіншісін жерлесіміз Руслан Заякин иеленген.

Руслан Молдыбаев – ұлттық спорт бойынша БЖСМ жаттықтырушысы:

– Бұл жарысқа біз бір жылдан астам уақыт дайындалдық. Шетел асып, Тайландқа да барып, жаттықтық. Қарсыластардың айқасын қарап, арнайы тактика құрдық. Еңбегіміздің жемісін, міне көріп отырмыз. Русланды мен 7 жылға жуық жаттықтырып келемін. Бұл уақыт аралығында екеуіміз көптеген жетістікке жеттік. Бүгінде менің жетекшілігіммен 60-қа жуық шәкріт өсіп келеді.

Жартылай финалда жерлесіміз Чехия Республикасының спортшысымен күш сынасқан. Нәтижесінде ол қарсыласын соққыға жығып, 3 раундты да таза жеңіспен аяқтады.

Руслан Заякин – жастар арасында муай-тайдан өткен “Әлем Кубогы-2016” сайысының жеңімпазы:

– Финалда мен Тәжікстан елінің спортшысымен айқастым. Өзі мықты. Бұрындары екеуіміз бірнеше рет рингте кездескенбіз. Бангокта өткен әлем чемпионатында жеңіп кеткенмін. Биыл да ол менен жеңіліс тапты. Қуанышымда шек жоқ. Бұл марапатымды мен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнаймын.

Айту керек, Руслан Заякин – еліміздің 8 дүркін жеңімпазы. Биылғы жылдың әлем чемпионы. Енді келер жылы ол Польшада өтетін Бүкіләлемдік жарыста топ жарсам дейді.

 

Айгерім Ержанова