МТРА жаңалықтары

«ЭКСПО – 2017» қалашығында 5 елге павильондар табысталыпты

Бүгінде қалашықта құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. «Болашақ энергиясы» деп аталатын бұл көрмеге 2 млн-нан астам адам келеді деп жоспарланған. Қатысушылар баламалы қуат көздерін пайдалану саласында өздерінің ең үздік технологияларын жұртшылыққа паш етпек. Бүгінде павильондар 5 елге табысталыпты.

 

Риат Шони – тілші:

– Болашақ энергиясы. 2017-ші жылы өтетін халықаралық ЭКСПО көрмесінің макеті міне, осы. Мұнда 4 тақырыптық павильон және де диаметрі 80 метр болатын алып шар орналасқан. Шардың 8 қабатында қуаттың әр түріне арналған көрме орналасады деп жоспарланған.

Ғарыш, су және ауа қуаты. Осының бәріне арналған көрме осы алып шардың ішінде болады деп жоспарланған. Ал бірінші қабатта ұлттық павильон жайғаспақ. Оның ауданы – 5 мың шаршы метр. Келер жылдың 10-шы маусымында бастау алатын ауқымды жиында барлығы 4 тақырыптық павильон болады екен. «Болашақ энергиясы» деп аталатын ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуға бүгінде 106 мемлекет пен 17 халықаралық ұйым ниет танытқан. Оларға арналып әрбірінде 5 павильоны бар 14 нысан салынған.

Асқар Бапен – «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ халықаралық қатысушылармен жұмыс жөніндегі департаменті директорының орынбасары:


–  Қазір павильондарды тұжырымдамалық және мазмұндық толтырулармен айналысып жатырмыз. Біз павильондарды қазанның 31-і күні қатысушы мемлекеттерге табыстадық. Енді олар алдағы уақытта ішін өз қажеттілерімен толтырумен айналысады.

Бүгінде павильондар көрмеге қатысушы 5 елге табысталған. Олардың ең үлкені қытайлықтарға тиесілі. Аспан асты елі өкілдерінің павильоны 1 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Мұнда олар жұртшылықты өздерінің озық технологияларымен таң қалдырмақ.
Ал ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің ең негізгі ғимараты – мына алып шар. Бұның биіктігі 100 метрге жақын. Ерекшелігі сол ғимаратты тұрғызуда 138 бұрғытолтырмалы қада пайдаланылған. Әрбірінің диаметрі 1 метр болса, ұзындығы 137 метр екен.

Қадыржан Төребаев – «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ «Астана ЭКСПО-2017 Құрылыс Дирекциясы» филиалы бас директорының бірінші орынбасары:


– Бұл шар «Астана-Қазақстан» кешені деп аталады. Ғимараттағы металл конструкциялардың салмағы – 12,5 мың тонна. Қасбетінің жалпы ауданы 20 мың шаршы метрді құрайды. Бұл ғимараттың әйнектерінде нанокерамика бар. Ол қыста ауаны жылы қалпында ұстаса, жазды күндері шардың қызып кетпеуіне жол бермейді. Ғимараттың үстінде 40 кВт қуат өндіре алатын екі жел генераторы орнатылады. Бұл электр энергиясы нысанның ішінде пайдаланылады.

Ал мынау – ЭКСПО қалашығы. Мұнда халықаралық қатысушыларға арналып көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Барлығы 1374 пәтер болады. Қазір оның 55 дайын. Нысандардың алып жатқан аумағы 12,74 гектарды құрайды. Құрылыспен «Люкс недвижимость» және «BI Group» компаниялары айналысуда. Мұндағы пәтерлер 2 классқа, голд пен сильверге бөлінеді.

Диас Әзбергенов – «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Сервистік қамтамасыз ету департаментінің директоры:

– Біз арнайы ЭКСПО қалашығына операторды таңдадық. Ол -«Дипломат» қонақ үйі. Олардың міндеті – осы пәтерлерге қажетті жиһаз-жабдықтарды өз қаржыларына алып келу. Бұл қалашықтың ішінде тәртіп сақшылары тәулік бойы патруль жүргізеді. Мұнда тек акредиттелгендер ғана кіре алады. Бір айға жалға беру құны 577 мың мен 1 млн 78 мың теңгеге дейін.

Жалпы бұл тұрғын үйлерді салуға ел қазынасынан 40 млрд теңге қаражат бөлінген. ЭКСПО аяқталғаннан кейін бұл қаржы тиын-тебеніне де қайтарылады. Ал баспаналар болса «Бәйтерек девелопмент» желісі бойынша кезекте тұрған адамдарға сатылады.
Қазір далада құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бүгінде ЭКСПО нысандарының 90 пайыздан астамы дайын екен.

Риат Шони – тілші:


– ЭКСПО көпірі құлады деп БАҚ өкілдері жарыса жазған конструкция міне, дәл осы. Декоративті көпір тек павильондарды бір-бірімен қосып тұрған екен. Оның ешқандай маңыздылығы жоқ. Оның ішімен тіпті адамдарда өте алмайды. Ал “BI Group” компаниясы құлап қалған көпірді бір айдың ішінде қалыпқа келтіреміз деп уәде берді.

Көпірді қалыпқа келтіру үшін «Астана ЭКСПО-2017» ҰК»-сы көк тиын да бөлмейді. Барлық шығынды мердігер компания өзі өтейді.
Ал алаңдағы ең маңызды нысандардың бірі, ол – Конгресс орталығы. Көпфункционалды ғимараттың жалпы аумағы – 45 мың шаршы метр. Мұнда 2 мың адамға шақталған үлкен зал бар.

Марат Омаров – «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Контент және іс-шараларды ұйымдастыру департаментінің директоры:

 


– Конгресс-орталық келер жылы 9-шы маусымда өтетін көрменің ашылуына пайдаланылады. Сонымен қатар, мұнда 93 күннің ішінде 25-тен астам форум өтеді деп жоспарланған. Ғимаратта үлкен залдан бөлек әрбірінің аумағы 700 шаршы метр болатын шағын залдар бар. Жалпы көрмедегі барлық форумдардың басым бөлігі осында өткізіледі деп жоспарлануда.

Жалпы ЭКСПО нысандары толығымен келер жылдың сәуір-мамыр айларында салынып бітіп, қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Ал «Болашақ энергиясы» деген атаумен өтетін халықаралық мамандандырылған көрме Астана қаласында маусымның 10-ы мен қыркүйектің 10-ы аралығын қамтиды.

Риат Шони