МТРА жаңалықтары

Петропавлда “Менің Елім-Мәңгілік Ел” жалпыреспубликалық жастар акциясы өтті

Оның ішінде жастардың белсенділігі басым. Осы ретте, тәуелсіздік тұғырын биік ұстау бүгінгі жас буынға аманат деді өз сөзінде аймақ басшысының орынбасары Анархан Дүйсенова.

Анархан Дүйсенова – СҚО әкімінің орынбасары:


–  Егеменді ел болуды аңсаған асқақ арманымыз “Мәңгілік ел-Ұлы Дала еліне” айналды. Бүгінде біз бірлігі бекем елміз. Қазақстан әлемдік аренада лайықты орын алды. Ширек ғасырда ғасырға татарлық ғаламат істерді атқардық. Оған жастардың да қосқан үлесі зор.

Кейін сахнаға өңір жастары шығып, Қазақстанда олар үшін барлық жағдай жасалып жатқанын тілге тиек етті. Жас актер Асылхан Рәзиевтің айтуынша, қазір елімізде кез келген салада зор жетістікке қол жеткізуге болады.

Асылхан Рәзиев – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актеры:


–  Мен Қазақстанда туып-өстім. С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында жұмыс істеймін. Болашағымды Отаныммен бірге байланыстырамын деп сеніммен айта аламын. Бүгінгі таңда біз үшін, жастар үшін елімізде барынша жағдай жасалған. Мол мүмкіндіктер бар. Сапалы білім алу, жақсы жұмысқа орналасу, шаңырақ көтеру және салауатты өмір салтын құру. Жастар – мемлекеттің қозғаушы күші.

Акцияның басты нышаны – Тәуелсіздік жылдары жастардың қол жеткізген жетістіктері жайлы дайындалған арнайы кітап. Бүгінде бұл оқулық еліміздің барлық өңірлерін аралауда. Бізге бұл кітап Қарағанды қаласы жастарынан келді. Ал кейін жинақты жерлестеріміз Ақмола облысының белсенділеріне тарту етті.

Әсемгүл Есқожа – «Қоғамдық келісім» КММ басшысы:

 


–  Бұл кітапқа СҚО жастары туралы ақпарат енгізілді. Оның ішінде солтүстікқазақастандықтардың спорт саласында жеткен жетістіктері де бар. Биыл өңірімізде рекордтық астық жиналды. Оған біздің жастарымызда белсенді атсалысты. Яғни, оқулыққа жас комбайншылар туралы да жазылған.

Аталмыш акция желтоқсан айының 1-і күні Астана қаласында Елбасының қатысуымен өтетін шарада қорытындыланбақ. Дәл сол күні Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап шыққан жетістіктер кітабі ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолына табысталмақ.

Айгерім Ержанова