Мәдениет

Н.Погодин атындағы орыс драма театрында «Асауға тұсау» спектаклінің премьерасы өтті

Мұның барлығы да Италиядағы бейғам патшалық дәуренінен көрініс тапты. Қойылым желісі бойынша бай-бағлан, сол заманғы көпес-саудагердің баспанасы және екі бойжеткен қызын айттыра келген жігіттердің қадамы баяндалады.

Қойылымда басты рөлдердің бірін сомдаған Татьяна Фомиченконың өнеріне көрермендер қошеметтерін аяған жоқ. Себебі, бүгін кәсіби актрисаның театр сахнасында жүргеніне тұп-тура 20 жыл толып отыр. Осы 20 жыл ішінде Татьяна 70-тен астам спектакльде ойнаған. Соның 50-інде басты рөлді сомадаған өнер иесі өзінің бүгінгі шығармашылық кешінде қобалжуын жасырмады.

Татьяна Фомиченко – Н.Погодин атындағы орыс драма театрының актрисасы:

– Әрине, өте қобалжудамын. Мен үшін өте жауапты кеш. Бұл – Шекспирдің ұлы шығармаларының бірі. Басты рөлдегі Катаринаны сомдауда актерлік жағынан да, физикалық тұрғыдан да қиыншылықтар болмады. Өйткені, асау мінез өзімнің бойымда бар. Сахнадағыдай жігіттерді жамбасқа алып ұру сынды әрекеттерді жасадым. Спектакль сүйгеніңді сыйлап, оны әрқашан қолдай білуді үйретеді.

“Асауға тұсау” спектаклінде театрдың барлық ұжымы, жалпы, 25-ке жуық актер өнер көрсетуде. Заманауи үлгіде қойылған спектакль комедиялық ситуацияларға құрылған. Өр мінезді Петручио қиқар Катаринаны баурап, әзіл арқылы тентектігін жеңеді. Катарина тұрмысқа шыққан соң сіңілісі Бьянкаға сөз салушылар көбейіп, әкесі Баптиста екінші қызын да ұзатады.

Елена Покрас – Н.Погодин атындағы орыс драма театрының көркемдік жетекшісі:

– Театрымыздың 130 мерейлі маусымы тосын сыйларға толы. Бүгінгі «Асауға тұсау» спектаклінің мағынасы көрермендерге анық жетуі үшін әуендер мен би, хореографияны қостық. Қызықты шығуы үшін қалжың мен түрлі декорацияларды ойластырдық. Іс-қимылдарды да ширақ жасауға тура келді. Көрермен көңілінен шығады деген ойдамыз.

Кеш соңында жиылған қонақтар Татьянаға Фомиченкоға құшақ-құшақ гүлдерін табыс етті.

Айсулу Сергали