Аптадағы маңызды жаңалықтар

Шекаралас аймақтар форумы өтті

Бүгінде өңірдегі жалпы саны 30-дан астам компания тауарларын көрші мемлекетке экспорттауда. Бұдан соң пленарлық отырыс басталды. Жиында әйелдердің қоғамдағы рөлі туралы айтылды.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


– Елбасы Н.Назарбаев қоғамның даму барысын, өмірде нәзік, әр істе мығым әйедер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес деген болатын. Әйелдердің бастамаларын жан-жақты қолдауға мемлекеттен қолдау көрсетіліп келеді.

Жиын барысында Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтары арасында сауда-саттық, туризм, агроөнеркәсіп, медицина тағы да басқа бағыттар бойынша іскерлік қарым-қатынасты нығайту жайы талқыланды. Аталған салаларға іскер қыз-келіншектерді көптеп тарту жағы айтылды.

Елена Тарасенко – ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары:

– Елбасымыз өз сөзінде “Еуразиялық экономикалық одақ Ұлы Жібек жолын жандандырудағы шешуші буын болып табылады” деген болатын. Осы форум аясында екі елдің азаматтары бір-бірімен жақынырақ танысып, пікір, тәжірибе алмасып, бірлескен жобалар құруға алғашқы қадам жасайды. Біз, әйелдер Қазақстанда жасалған өнімдердің экспортқа бағытталған үлесін арттыруға атсалысуға тиістіміз.

Қазіргі таңда ресейліктер де шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл аударуда. Көрші елдегі бизнесмендердің 65 пайызы нәзік жандылар екен. Ресей үкіметі көбінесе әйелдер қолға алған жобаларды қолдауға тырысады.

Анна Негодуйко – Омбы облысы экономика министрінің орынбасары, РФ:


– Қазақстан Республикасы – біз үшін стратегиялық серіктес. Екі елдің достығы тамырын тереңге жайған. СҚО-сы мен Омбы облысы арасындағы тауар айналымы әр жыл сайын 10 пайызға артып келеді. Осындай бетпе-бет жүздесулер әріптестікті одан әрі нығайтуға сеп болады.

Осы ретте ҚР Ұлттық экономика министрлігі халықаралық экономикалық интеграция департаментінің директоры Ернар Бәкенов ЕАЭО кеңістігінде ашылып жатқан жаңа мүмкіндіктерді атап өтті.

Ернар Бәкенов – ҚР Ұлттық экономика министрлігі халықаралық экономикалық интеграция департаментінің директоры :

– Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттер арасындағы тауар айналымын жақсарту үшін құрылды. Бүгінде Қазақстан азаматтары мен кәсіпкерлері Армения, Белорусь, Ресей, Қырғызстан елдері аумағында еркін жүріп тұра алады. Аталған мемлекеттерде кәсіпкерлік алдында туындайтын тосқауылдар азайды.

Президиум мүшелері осындай шекарааралық форумды Омбы облысында өткізу ұсынысын айтты.

Берік Қасен