МТРА жаңалықтары

Жыл басынан “Даму-Көмек” бағдарламасы арқылы мүмкіндігі шектеулі 15 кәсіпкерге қолдау көрсетілген

Сергей Сапко – жеке кәсіпкер:

– Мен түрлі кәдесыйлар, қобдишалар жасаймын. Құстарға арналған үйшіктерді де ағаштан ойып істеймін. Ескірген жұмсақ үй жиһаздарына жаңа кейіп беремін. Ол үшін әрине арнайы құрылғылар керек. Бүгін қажетті заттарды қолыма табыстады. Демеушілерге рахмет. Енді ісімді өркендету үшін бір шағын ғимарат болса деймін. Әзірге үйде жұмыс жасауға тура келеді.

Осылайша бүгін «Даму кәсіпкерлікті дамыту қоры» арқылы 4 демеуші серіктестіктің көмегімен мүмкіндігі шектеулі 8 кәсіпкерге қолдау көрсетілді.

Гүлмира Жакупова – «Даму кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ СҚОФ бас менеджері:

– Мүгедек кәсіпкерлерге мұндай қолдау «Даму-Көмек» бағдарламасы аясында көрсетілуде. Бұл жоба 2009 жылы қолға алынған. Осы уақыт аралығында 90 солтүстікқазақстандықтан өтініш келіп түсті. Бүгінде оның 74-не тиісті көмек көрсетілген. Мәселен, 2-ші топтағы мүгедек Сания Карасеваға электрлі тігін машинасы берілді. Ол ұлттық киімдер тігумен айналысады.

Биыл жыл басынан мүмкіндігі шектеулі 15 кәсіпкерге жалпы сомасы 300 мың теңге көлемінде қолдау көрсетілген.

 

Айгерим Ержанова