Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Нұр Отан” партиясы СҚОФ-ның ХХІV есеп беру-сайлау конференциясы өтті

Ерік Сұлтанов – “Нұр Отан” партиясы СҚОФ төрағасы, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тәуелсіздігіміздің ең басты жетістігі тұрақтылық, бірлік, жасампаздық. Бүгінгі Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық жүйесі қуатты мемлекетке айналған. Бұл туралы ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы декларациясында да ерекше айтылған.

Тәуелсіздік декларациясы Қазақстан халқының қарыштап дамуын мейлінше айғақтайтын маңызды құжат. Онда Елбасының еліміз егемендік алған күннен бастап атқарған ерен еңбектері ерекше көрініс тапқан. Ұлт пен ұлысты ұйытып, берекелі де мерекелі өмір сүруіміздің мәні де Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасы, – дейді қазақстандықтар.

Анатолий Башмаков – Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:

– Елбасының өзінің еңбегі, адамгершілік қасиеттері, тәуелсіздігіміздің және еліміздің көркеюі, барлығына қарасақ жетістіктеріміз бар. Оны бүкіл дүниежүзі мойындайды. Сондықтан кешегі декларацияны біз толықтай көрдік, естідік, оқыдық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы, қоғамның демократиялануы мен президенттік институттың нығаюындағы тарихи рөлін, халықты біріктіру үдерісіне, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, сол сияқты елдің сыртқы саяси стратегиясын айқындауға қосқан үлесі зор.

Еркебұлан Мамбетов – “Мамбетов и К” КС бас директоры, Мамлют ауданы:

– Елбасының көрегендігінің арқасында ауыл мәселелерін шешуге орасан қаражат бөлінуде. Ауылдың әлеуметтік, көлікті және инженерлік инфрақұрылымдарды қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Болат Сағындықов – СҚО ардагерлер кеңесі жанындағы ақсақалдар алқасының төрағасы:

– Бүгінде сәулеті келіскен бас қаламыз Астанаға тамсанып қарамайтын адам кемде кем. Әсіресе, шетелдіктер елордамызды асқан таңданыспен қызықтайды. Астанадағы зәулім ғимараттардың сызбасы мен жобасы жасауға Елбасы Н.назарбаевтың жеке өзі атсалысқандығын да білеміз.

Сондай-ақ, конференцияда облыс әкімі өңірде соңғы екі жылда атқарылған жұмыстарға тоқталды. Бүгінде ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Биыл аграрлы аймағымызда жиналған дәнді дақылдардың көлемі былтырғыдан 5,6 пайызға жоғары болды. Машина жасау бағытында ілгерілеушілік бар. Өңірімізге инвестиция тарту көрсеткіші артып келе жатыр. Аймақ басшысы жиында партияның алдында тұрған міндеттерді айқындады.

Ерік Сұлтанов – “Нұр Отан” партиясы СҚОФ төрағасы, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ең алдымен тұрғындардың сенімін жоғалтпаңыздар. Қоғамдық қабылдау жұмыстары жүйелі жүргізілсін. Өңірде әлі де болса тұрғын үй- коммуналдық саласы, әлеуметтік жәрдемақылар мен зейнетақыларды тағайындау, баспанамен қамту, мемлекеттік органдардың қызмет көрсету сапасы күні бүгінге дейін өзекті күйінде қалып отыр. Келешекте мемлекеттік бағдарламалардың дұрыс орындалуын жіті қадағалауды тапсырамын.

Жиында “Нұр Отан” партиясының СҚО филиалы жанындағы партиялық бақылау-тексеру комиссиясының 2015-2016 жылдарда атқарылған жұмысы сараланды. Соңғы жылдарда өңірімізде бастауыш партия ұйымдарының саны 389-ға жеткен. Бүгінде жетекші партияның қатарына 46 мың 700-ден астам солтүстікқазақстандық еніпті.

Райхан Әбдірахманова – “Нұр Отан” партиясы СҚОФ жанындағы партиялық бақылау-тексеру комиссиясының мүшесі:

– Былтыр “Нұр Отан” партиясы филиалының шотына 50 млн теңге түсті. Ал биыл 10 айдың ішінде партия мүшелерінен 56 млн теңге жиналды. Бұл қаражат негізінен қызметкерлердің жалақысына, партиялық шараларға, кеңселерге, іс-сапарлар және коммуналдық төлемдерге жаратылады. Сондай-ақ, биыл 3 млн теңге Мамлют, Қызылжар және Айыртау аудандарындағы филиал ғимараттарын ағымдық жөндеуден өткізуге жұмсалды. Кеңселерде материалдық-техникалық база да жаңартылуда.

Мәжілісте партия филиалының саяси кеңесі мен партиялық бақылау-тексеру комиссиясының тізімі бекітілді. Кейін еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқан азаматтар партиялық награда – Алғыс және Құрмет грамотасымен марпатталды.

 

Берік Қасен