Құқық қорғау органдары

Петропавлда 28 жастағы қала тұрғыны алаяқтың арбауына түсті

Телефонның ар жағынан белгісіз ер кісі қыздың шынымен де жүлде ұтып алғандығын айтады. Сондай-ақ, үй кинотеатрынан бөлек, автокөлікке де ие болуға мүмкіндік бар дейді. Бірақ, ол үшін 5 мың теңге тұратын мобильді төлем картасын сатып алып, кодын телефон арқылы айтуды сұрайды.

Жәбірленуші:

– Алаяқтар адамдарды осылай қызықтырады екен. Үй кинотеатрын ұттыңыз, тіпті көлікке қол жеткізуге болады дегенде қатты қуанып едім. Мұндай хабарды естігенімде мені алдап соққандығын сезбеппін де.

Алаяқ қызға жүлдеге тігілген көлікті ұтып алу үшін алдын ала 66 000 теңге жіберуді сұрайды. Кейін бұл талапты орындаған нәзік жанды үш күн бойы ұтыстың нәтжесін білу үшін манағы ер азаматтың нөміріне қоңырау шалады. Бірақ, телефонды ешкім көтермейді. Осы сәтте ол алаяқтардың арбауына түскендігін ұғынып, полицияға хабарласады. Қазір тәртіп сақшылары аталған іске қатысты тергеу жүргізуде.

Айдос Нұрмұқанов – Петропавл қалалық ІІБ екінші бөлім бастығының орынбасары:

– Петропавл қаласында осындай оқиғалар бірнеше рет орын алды. Алаяқтар тұрғындарды телефон, интернет арқылы алдап, ақшаларын банк шотына аудартқызып отырған.

Осы орайда өңір полицейлері тұрғындарға мұндай жалған қоңырау шалушыларға сенбеулерін ескертеді. Күдік туған жағдайда міндетті түрде полицейлерге хабарласып, жағдайды түсіндіргендері абзал.

 

Айсулу Сергали