МТРА жаңалықтары

Тәуелсіздік тақырыбында өңірлік ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Мұратбек Зейнуллин – СҚО дін істері жөніндегі басқарма басшысы:

– Осы тұста Елбасы Н.Назарбаевтың айтқан сөзін мысал ретінде келтірсем. Бүгінде әлемде болып жатқан соғыстан 1,2 млрд адам зардап шегуде. Күн сайын 42 мың адам қауіпсіз жер іздеп үйлерін тастап басқа елдерге бас сауғалап кетуде. Соңғы жылдарда орын алған 13 террористік актіден 33 мың адамның өмірі қиылды. Шүкір, еліміздегі тұрақтылық пен келісімнің арқасында біз мұндай қиындықтардан алшақпыз.

Өңірімізде мекен ететін этностар мен конфессияларға барлық жағдай жасалған. Бір қынжылтарлығы, Ислам атын жамылған теріс пиғылды ағымдар әлеуметтік проблемалары бар адамдарға теріс ықпал етуде.

Әнуар Әбілев – ҚР ҰҚК Терроризмге қарсы орталығы бөлімінің консультанты:

– Тұрмыс жағдайының нашарлығынан, қатты күйзелістен кейбір адам теріс ағымдардың жетегінде кетіп, кейін Отанына, туғандарына опық жасап өкініп жатады. Осыны болдырмас үшін мемлекет өз елінің азамттары үшін бар жағдайды жасауда. Биыл 5 ауданда жастар жатақханасы мен 5 жеке үй салынуда. Нәтижесінде 140 жас отбасыны баспанамен қамту көзделген.

Бүгінде облыс аумағында барлығы 24 облыстық этномәдени бірлестік бар. Ел Тәуелсіздігігнің ширек ғасырлық мерейтойына орай жақында 25-ші этномәдени бірлестік құрылмақшы. Биыл Елбасының тапсырмасымен кәсіпорындар мен мекемелерде қоғамдық келісім кеңесі құрылды. Бүгінде түрлі ұлттың өкілдері мемлекеттік қызметке орналасып, мансап қуа алады.

Сабыр Ыбыраев – СҚО әкімдігінің мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру өңірлік орталығының директоры:

– Биыл мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру өңірлік орталығына 10 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында орталықта 14 мың маман оқытылды. Бүгінде біз сабақтың 40 пайызын интерактивті формада өткіземіз. Тыңдаушыларымыздан ұдайы сауалнама жинаймыз. Респонденттердің 57 пайызының оқыту бағдарламасына көңілдері толады екен.

Биылдан бастап мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру өңірлік орталығының мамандары аудандарға шығу мүмкіндігіне ие болды. Бұл өзара тәжрибе алмасып, біліктілікті жоғарылатуға мүмкіндік береді.

Берік Қасен