МТРА жаңалықтары

Шекарашылардың бір күндік жұмысын оқушылар көрді

Мағжан Ахмадина- тілші:

– Бірнеше шақырымнан соң Ресейдің Түмен облысының аумағы басталады. Көрші елге бару үшін ең алдымен шекарашылардың бақылауынан өту керек. Иісшіл иттер, арнайы қондырғылардың көмегінің арқасында мұнда барлығы жіті қадағаланады.

Олардың жұмысын көруге бүгін «Қызылжар» шекара өткізу пунктіне 3 мектептің оқушылары келген. Балалар үшін мұнда барлығы қызықты. Өйткені, бұған дейін балғындар аталған қызмет туралы естігені болмаса, көрмеген.

Николай Денков – Вагулино орта мектебінің оқушысы, Қызылжар ауданы:

– Осындай экскурсия ұйымдастырылғаны жақсы болды. Мұнда алғаш рет келіп отырмын. Иісшіл иттердің жұмысын, көліктерді қандай құралдармен тексеретіндігін көрдім. Түсінгенім, шекарашы ұқыпты болу керек екен. Өйткені, әр құжатты жіті тексереді. Келешекте өзім де осындай қызметте істегім келеді.

Бұл жандар күн-түн демей ел шебін күзетеді. Сондықтан, темірдей қатал тәртіпке әбден үйреніп алған. Оның үстіне босаңсуға уақыт жоқ, өйткені екі ел арасында ағылған көлік көп. Сол себепті, шекарашылар атқарар қызметіне ерекше жауапты. Мұны экскурсияға келгендер де байқаған.

Дәурен Жұмағали – Вагулино орта мектебінің АӘД мұғалімі, Қызылжар ауданы:

– Шекарашыларымыз жақсы құрылғылармен жабдықталған екен. Стратегиялық нысан болғандықтан мұнда барлығы қатаң тәртіпке бағынады. Оны балалар сезінген сыңайлы. Жалпы бүгінгі экскурсияға ауданның үш білім ұясы: Кустовое, Красный Яр және Вагулино орта мектептерінің оқушылары келді. Жақсы әсер алғандарына сенімдіміз.

Аталған шара «25 жұлдызды күн” республикалық акциясы аясында ұйымдастырылған. Оған барлығы 13 оқушы қатысты.

 

Магжан Ахмадина