МТРА жаңалықтары

Петропавлда пневматикалық мылтық атудан облыстық жарыс өтті

Владислав Колесник – жарысқа қатысушы, Шал ақын ауданы:

– Өзіме пневматикалық мылтық атқан ұнайды. Мен әр уақытта нысанды мұқият бақылап алып, көздеймін. Сонда ғана жоғары нәтиже көрсетуге болады. Өткен жылы облыстық жарыста екінші орынға ие болдым. Биылғы сайыста жеңімпаздардың қатарынан көрінсем деймін.

Құралайды көзге атқан мергендер сайыс ережесі бойынша 10 метр қашықтықтағы нысанды көздейді. Спортшылар диаметрі 4,5 см болатын шеңберге оқты дәл тигізулері тиіс. Олар тапсырманы 1 сағат 15 минуттың ішінде орындаулары керек. Жалпы, облыстық жарысқа өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген 50 мектеп оқушысы қатысуда.

Ерғали Жарқымбаев – СҚО білім басқармасы дене шынықтыру, спорт және АӘД өңірлік оқу-әдістемелік орталығының бас маманы:

– Әр құрама сапында 6 бала. Оның 3-еуі ұл, 3-еуі қыз. Біз сайысты халықаралық ережеге сай өткізудеміз.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған жарыс соңында жеңімпаздар анықталып, медаль, грамоталармен марапатталды.

 

Култанов Байболат