МТРА жаңалықтары

Электронды темекі – денсаулыққа зиян

Айтуларынша, одан келетін еш зиян жоқ. Мұны алға тартқан жасөспірімдер көшеде, аулада, қоғамдық орындарда да шегіп жүре береді. Тіпті, еш қысылмастан білім ұясына да апаратындары бар екен. Міне, сондықтан, бірқатар қала мектептерінің басшылығы Темекіге қарсы орталыққа келіп өз мекемелерінде электронды шылымның зияны жайында дәріс оқып беруді өтінген.

Вэйп темекісін құрайтын сұйықтықтың құрамында глицерин, пропиленгликоль, ароматизатор және никотин бар. Бұлардың барлығы да денсаулыққа кері әсерін береді.

Людмила Любовицкая, СҚО бойынша салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы темекіге қарсы орталығының психологы:

– Темекі түтінінің жоқтығы электронды темекінің иісін бәсеңдетеді, Сондықтан адам уақыт өте оның дозасын арттыра түседі. Ал, бұл адам өмірінің қысқаруына және жүйке жүйелерінің сал ауруына шалдығыуына алып келеді.

Биыл Ресейде вэйп темекілерін жиі қолданған жасөспірімдердің өлімі тіркелген. Ал, Батыста дәл осы гаджет жарылып бірнеше адам жапа шегіпті.

Людмила Любовицкая, СҚО бойынша салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы темекіге қарсы орталығының психологы:

– Менің ойымша әркім өзінен бастауы тиіс. Балаларға электронды темекі сатып әперу – үлкен қателік. Оның құрамындағы никотин адам өміріне қауіпті. Бұл да есірткі сияқты. Бала бір көргеннен кейін тағы да шегіп көргісі келеді, кейін үлкен мөлшерде қалайды. Яғни, электронды темекі шегіп бастаған баланың болашақта нашақорлыққа бет бұрып кетуі ғажап емес.

Вэйпті тапсырыс арқылы интернеттен немесе қала дүкендерінен еш кедергісіз сатып алуға болады екен. Оны тұтынушылардың жас мөлшері ешқайда бекітілмеген. Сондықтан, кейбір оқушыларымыз еш қиындықсыз қол жеткізіп, қысылмастан түтіндетіп жүр. Электронды темекінің бағасы да әр түрлі. 800 теңгеден басталып 5 мың теңгеге дейінгі аралықта. Оған қыздар да әуес көрінеді.

Владимир Ткаченко, СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Егер электронды темекі балалар арасында жағымсыз дағдыға айналып бара жатса, онымен күресу керек. Одан бөлек қазір мектептерде сабаққа еш қатысы жоқ нәрселерді әкелуге тыйым салған жарғы бар.

Қаладағы кей мектептердің оқушылары білім ошағына вэйпті апаратыны Білім басқармасы басшысының орынбасарының құлағына енді жеткен сияқты. Владимир Ткаченко, біздің арнаның тілшілеріне мектеп басшылықтарына мұндай гаджеттерді әкелуге тыйым салу керектігі жайында ұсыныс білдіретіндігін айтты.

 

Акбопе Танирберген