МТРА жаңалықтары

Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында 5 тәртіптік іс қаралды

Гүлмира Кәрімова – Петропавл қаласы білім бөлімінің басшысы:

– Бөлімдегі мемлекеттік қызметшілердің арасында ұдайы түсіндіру жұмыстары мен семинарларды өткізіп тұрамыз. Сондай-ақ, халықпен де тығыз жұмыс жасаймыз. Жыл басынан бері қоғамдық қабылдауға 83 адам келді. Сенім телефоны арқылы 141 өтініш түсті. Күні бүгінге дейін балғындарды мектепке дейінгі білім беру ұйымдарумен қамту мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Биыл білім бөліміндегі мемлекеттік қызметшілердің үстінен этикалық кодекс нормаларын бұзу немесе жемқорлық фактілеріне жол беру туралы тұрғындардан арыз-шағым болмады.

Биыл СҚО бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті білім ошақтарында 3 тексеріс өткізген. Нәтижесінде қалада бірнеше мектептерде мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының бұзылғандығын анықтапты.

Ғалым Тұрсынбаев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы:

– Қалалық нөмірі 6-шы орта мектепте жалпы сомасы 855 мың теңгенің, 9 мектепте 2 млн 160 мың теңгенің, ал 42 мектепте 4 млн теңгенің мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың талаптары бұзылды. Осы аталған мекемелерде жауапты тұлғалар қандай да бір жазаға тартылды ма?.

Гүлмира Кәрімова – Петропавл қаласы білім беру бөлімінің басшысы:

– Өкінішке қарай, қанша жерден алдын алу шараларын жүйелі жүргізіп тұрсақ та, бізде осыған ұқсас олқылықтар орын алып тұрады. 9 -шы орта мектепте мемлекеттік сатып алу жөніндегі менеджер тауарды жеткізу мерзімін ескермеген, құжатты дұрыс толтырмаған. Сол үшін оған сөгіс берілді. Мектеп директорына 106 мың теңге айыппұл салынып, толығымен өндіріліп алынды. Басқа мектептерде де қателікке жол берген тұлғалар жауапкершілікке тартылды.

Одан кейін Уәлиханов ауданы әкімінің орынбасары Біржан Хасенеев пен Уәлиханов ауданы әкімі аппаратының басшысы Зәуреш Мұсабаеваға қатысты тәртіптік іс қаралды. Қос мемлекеттік қызметші заңға қайшы әрекетке барып, Қайрат ауылдық округiнің әкiмi Қайыртай Жақыповтан қатаң сөгісті уақытынан бұрын алып тастаған. Сол үшін әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Біржан Хасенеевке қатаң сөгіс, ал Зәуреш Мұсабаеваға қатысты қызметіне толық сай емес деп тану туралы ұсыныс білдірді.

Берік Қасен