МТРА жаңалықтары

ҰОС ардагері – Степан Башкировқа арналған мұражай-кабинет ашылды

Степан Федорович саналы ғұмырын облыс экономикасының дамуына жұмсаған. Сұрапыл соғыстан кейін елге оралып, ауыр өнеркәсіп саласында еңбектенген жерлесіміздің жүріп өткен жолы баршамызға үлгі-өнеге. Мұны жиынға қатысқан қала әкімі Марат Тасмағанбетов атап өтті. Негізі Степан Башкиров еңбек жолын 1941 жылы бастаған екен. Металл қырнаушының көмекшісі қызметіне кіріскен жас жігіт көп ұзамай майдан даласына аттанады. Соғыс аяқталғаннан кейін ол қазіргі – Мұнаймаш, бұрынғы ЗИМ зауытына оралып, сүйікті ісін қайтадан жалғастырады. Ардагердің өңір өнеркәсібін дамытуға қосқан ерен еңбегі ескерусіз қалған емес. Оны қарияның өзі де айтып отыр.

Степан Башкиров – ҰОС ардагері:

– Мен өмір бойы станокта жұмыс істедім. Соғыстан келгеннен соң да зауытқа қайта оралдым. Ешқашан жұмыстан қашқан жоқпын. Және де жұмысшы мамандықтарының маңызды екендігін білемін. Өйткені, қарапайым еңбеккердің маңдай терімен атқарған жұмысының арқасында жақсы көрсеткіштерді иеленіп, табыстарға жетуге болады. Сол еңбегіміз зая кеткен жоқ. Әрдайым қайда болмасын құрмет көрсетіледі. Өте ризамын.

Мұражай-кабинетте машина жасау технологиясына қажетті құралдар мен станоктар қойылған. Тағы Степан Башкировтың зауытта жұмыс істеп тұрған жерін бейнелейтін мүсіні және оның өмірінен сыр шертетін көптеген құжаттар жайғастырылыпты. Жалпы мұнда 126 экспонат бар.

Александр Мерк – Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры:

– Степан Федорович – жан-жақты адам. Сондықтан, ол жайлы материалдарды жинау аса қиынға соққан жоқ. Өйткені, қарт майдангер қоғамдық өмірде, спортта, қайда болмасын белсенді. Кей құжаттар зауыттан, оның туған-туысқандарынан алынды. Мұражайларға барып қарастырдық. Міне, сөйтіп жарты жыл бойы ізденісте болып, осы мұражай-кабинетті ашып отырмыз.

Степан Башкировмашина жасау саласына өмірінің 58 жылын арнаған. Сондықтан да бүгіндері, әсіресе, жастар арасында жұмысшы мамандықтарын насихаттай түсу маңызды. Бұл ретте аға буын өкілдерінің жүріп өткен сара жолы стуеденттерге үлгі болмақ.

Махаббат Сарыбай – Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті:

– Өмір бойы көптеген зауыттарда жұмыс істеген. Сондықтан, ол кісіні мен өзіме үлгі тұтамын.

Күні кеше Степан Башкиров 91 жасқа толыпты. Айта кету керек, биыл – Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің де мерейтойы. Оқу ордасының ашылғанын 86 жыл толып отыр.

 

Магжан Ахмадина