МТРА жаңалықтары

СҚО-да “Ұлы дала елі – 25 жұлдызды сәт” атты республикалық акция бастау алды

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 

– Бүгін біз Қазақстанның Егемендік жылдары жеткен жетістіктері мен табыстарын паш ететін “Ұлы дала елі – 25 жұлдызды сәт” атты шарасын бастаймыз.

Ата-бабамыз аңсап кеткен егеменді елдің келешегі – енді өскелең ұрпақ, жастардың қолында. Бұны бір емес бірнеше мәрте жиында сөз алған аға буын өкілдері атап өтті. Думан Закирин – Қызылжар аудандық жастар бастамалары орталығының директоры. Аталмыш ауданда бұл ұйым жыл басынан жоспарланған игілік істердің 60 пайызын орындапты. Іс-шараларға жас еріктілер де белсенді ат салысқан. 

Думан Закирин – Қызылжар аудандық жастар бастамалары орталығының директоры:

– Енді ауданда осы акция аясында бірқатар іс-шаралар өткіземіз. Автошеру, жастар форумы сынды жиындар жоспарланған.

Мерекелік іс-шарада Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің студенттері өз өнерлерін паш етті. 500-ге тарта жасөспірім қатысқан флешмобқа дайындық екі ай бойы жүргізілген. 

Бөркімізді көкке атып, тәуелсіздігімізді алған 1991 жылы елімізде 353 мың 174 нәресте дүниеге келген екен. Бүгінде Қазақстанның құрдастары табысқа жетіп, өз елінің игілігі үшін әр салада қажырлы еңбек етуде. Шара барысында “Тәуелсіздік құрдастарының СҚО-на ізгі тілектері” атты кітап Қызылжар аудандық жастар бастамалары орталығының директоры Думан Закиринге табысталды. 

Тимур Жұманов – СҚО жастар бастамалары орталығының директоры:

– Еліміз ширек ғасыр ішінде экономикалық және де саяси жағынан дамып, өзге мемлекеттермен жақсы қарым-қатынас орнатты. Бүгінгі шарадағы “Тәуелсіздік құрдастарының СҚО-на ізгі тілектері” атты кітап өңіріміздің 13 ауданын аралайды. Онда жастар өздерінің жылы лебіздерін жазып, тілектерін білдіре алады.

Шара соңы концерттік бағдарламамен жалғасты.

 

Риат Шони