МТРА жаңалықтары

“Қонақжай Петропавл-2016” байқауының қорытындысы жарияланды

Алена Третьякова – “Қонақжай Петропавл-2016” байқауының ұйымдастырушысы:

– Биыл біз бұл байқауды ел Тәуелсіздігіне орай ұйымдастырып отырмыз. Сәйкесінше 25 номинация болады. Сондай-ақ, келер жылы өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесіне келетін қонақтарды қарсы алуға ат салысатын мекемелер де таңдалады. Биыл байқауға қатысуға 60-тан астам компания ниет білдірді. Былтырғыға қарағанда әлдеқайда көп.

Туризм, ойын-сауық және қонақжайлылығы жақсы деген мекемелер арнайы дипломдарға ие болады. Оларды таңдау қыркүйек пен қараша айларында жүрді. Байқауға қатысушыларға халық интернетте дауыс берсе, ал арнайы комиссия мекемелерді аралап тиісті бағаларын қойды.

Тұрар Ысқақов – СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Осылайша біздің облысымыздағы кәсіпкерліктер арасында бәсекелестік туындап, әр саладағы сапа көрсеткіші де артады. Мұндай сайыстар жиі ұйымдастырылса қызмет көрсетушілердің жауапкершілігі жоғарылайды, бизнес дамиды.

“Қонақжай Петропавл-2016” байқауына биыл алғаш рет «Green Рark» парк-отелі қатысып отыр. Былтырғы жылы желтоқсанның 1-і күні ашылған демалыс орнының ұжымы ең үздік атануға дәмелі. Олармен бірге бұл сында тағы “Пестрое парк” отелі де бақ таластыруда.

Павел Бессмертных – «Green Рark» парк-отелінің басқарушысы:

– Біз барлық демалушылардың көңілінен шығуға тырысамыз. Тазалыққа көп көңіл бөлеміз. Парк-отель аумағында 9 үй бар, онда тиісті жағдайлар жасалған. Осы сайыстан кейін көбіне қай бағытта сапаны арттыру қажет, қызметімізді қай жағынан жетілдіру керек екені түсінікті болады.

“Қонақжай Петропавл-2016” байқауы сайтының жалғыз өзінде ең көп, яғни 945 дауыс жинаған «Green Рark» парк-отелі үздік атанды.

25 номинацияда барлық үздіктері мен жүлдегерлері рет-ретімен марапатталуда. Байқауда өз бағын алғаш рет сынаған “FloweRom” флористика студиясы да қошеметке бөленді. 1,5 жылдық тарихы бар гүлдер дүкені бүгінгі күнге дейін 10 мыңдай гүлшоғын әзірлепті.

Елена Романова – “FloweRom” флористика студиясының директоры:

– Студияның ашылғанына небары 1 жарым жыл өтті. Соған қарамастан алғашқы орыннан көріндік. Біз өзіміз әзірлейтін әр гүл шоғының әдемі боулы үшін бар күшімізді салып, клиентімізді қуантуға тырысамыз.

Мерекелік көңіл-күйде өткен кеш соңында концерттік бағдарлама ұсынылып, бармендердің шеберліктері де көрсетілді.

Риат Шони