Спорт

Петропавлда кроссфиттен қалалық ашық турнир өтті

Кроссфит дене шынықтыруды жақсы көретін жандарға арналған. Оның ерекшелігі сол, құрамына көптеген спорт түрлері біріктірілген. Жекпе-жек, ауыр атлетика, күш арттыратын, сонымен қатар экстремальды жағдайлардан шығуға арналған жаттығулар. Осылардың барлығын берілген белгілікті бір уақыт ішінде алма-кезек орындау қажет. Осы күні жарыста өз шеберліктерін нәзік жандылар да көрсетті. Олардың арасында 15 жасар Таисия Рыбалкина да бар. Кроссфитке кездейсоқ келген петропавлдық бұрымды өзіне берілген барлық тапсырмаларды 5 минут 36 секундта орындап шығып, екінші орннан көрінді.

Таисия Рыбалкина- жарысқа қатысушы:

– Жеңімпаздар қатарынан көрінетіндігіме сенгенім де жоқ. Бір қатысып, бағымды сынамақ болғанмын. Екінші орын алғаныма қуаныштымын. Бас жүлде алған қыздан небәрі 3 секундқа қалып қойдым. Алдағы уақытта дайындықты күшейте түсемін.

Кейін кезек әуесқойларға келіп жетті. Оларға берілетін тапсырмалар жасөспірімдерге қарағанда қиынырақ. Десе де, одан сескеніп жатқандар жоқ. Керісінше, талаптар бізге шыңдала түсуге сеп болады дейді кроссфитпен 3 жылдан бері айналысып жүрген Рудольф Брух.

Рудольф Брух- жарысқа қатысушы:

– Залға салмақ түсіру үшін келгенмін. Кейін осы спорт түрі жайлы естіп білдім. Сосын қызығып, осында үнемі келетін болдым. Маған өте ұнайды. Кроссфиттің құрамына түрлі спорт түрлері кіреді. Сонысымен де қызықты. Бір ғана жыттығуларды орындамайсың, ылғи жаңа нәрселерді жасауға болады. Қиындықтардан қорықпайтын жандарға арналған спорт десем де артық айтқандық емес.

Жалпы кроссфит АҚШ-та пайда болған екен. Бізде соңғы 4 жылда ғана дамып келе жатқан спорт түрімен бүгіндері 100-ден астам адам айналысады.

Амир Загрутдинов – жарыстың бас төрешісі:

– Бүгіндері аталған спорт түрі жақсы дамып келе жатыр. Көптеген жасөспірімдер айналысуда. Түрлі жаттығулар құрамына кіргендіктен қыздар да көп келеді. Жарыстарға барып тұрамыз. Жеңімпаз атанғандар да бар. Сондықтан, келешекте кроссфитпен айналысатындардың қатары арта түседі деген ойдамыз.

Жалпы бүгінгі турнирге 52 адам қатысуда. Олардың құрыманда көршілес Омбы облысының да спортшылары бар. Жеңімпаздар медаль, грамота және естелік сыйлықтармен марапатталды.

 

Магжан Ахмадина