МТРА жаңалықтары

СҚО-да “Қозыбаев оқулары” халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті

Ауқымды жиынға академиктің зайыбы Сара Қозыбаев, туған-туыстары, еліміздегі ЖОО-дарының жетекшілері және Қазақстан мен Ресейдің қалаларынан ғалымдар шақыртылған. Қонақтар М.Қозыбаев ескерткішінің алдына гүл шоғын қойып, заңғар тұлғаны бір минут үнсіздікпен еске алды.

Манаш Қабашұлы бақандай 40 жылын ел тарихын зерттеуге арнап, ұрпағына өшпес мұра қалдырды. Ғалым 70 жасқа келген шағында дүниеден озыпты. Арада екі жыл өткеннен кейін 2003 жылы СҚМУ-не М. Қозыбаевтың есімі беріліп, осы ескерткіш орнатылған болатын.

М.Қозыбаев көзі тірісінде 800-ге жуық ғылыми еңбек, 30-ға тарта монография, 50-ден астам ұжымдық жұмыс жазып қалдырған. 35-ке жуық туындысы әлем тілдеріне аударылған. Тіпті, ТМД, АҚШ, Франция, Қытай, Болгария мемлекеттерінде академиктің еңбектері басылым беттерінде жарық көріп отырған екен. Өз шығармаларын шетелге шығару арқылы қазақ деген халықты барша әлемге танытқысы келген.

Көзі тірісінде оны бүкіл халық қолдап, “Геродот”, “Тарихтың тарланы” деп түрліше атаған екен. Себебі, Манаш Қозыбаев тәуелсіздік үшін күресті, төл тарихымызды қаз-қалпында бұрмалаусыз жазды. Парасатты тұлғаның ерен еңбегін насихаттауда, азаматтық ұстанымын жастарға үлгі етуде осындай басқосудың бағасы өлшеусіз деді жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова.

Анархан Дүйсенова – облыс әкімінің орынбасары:

– Манаш Қозыбаев оқулары ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуі баршамызға ерекше қуаныш сыйлап отыр. Манаш Қабашұлының ғибратқа толы өмір жолы, артына қалдырған мол мұрасы жас ұрпақ үшін баға жетпес құндылық. Ғалым саналы ғұмырын қазақтың төл тарихын зерттеуге арнап, Тәуелсіздік жолында аянбай күрескен азаматтардың ерліктері туралы ақиқатты тайға таңба басқандай жазып кетті.

Ұлттық тарихты түгендеу – тарихшылар үшін аманат. Осы күні ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, білім саласын дамытуға үлес қосып жүрген университет оқытушыларына облыс әкімінің Құрмет грамотасы табысталды.

Манаш Қозыбаевтың тәлім-тәрбиесін алған шәкірттері де осында. Тарих ғылымдарының докторы Жәкен Таймағамбетов – академик Манаш Қозыбаевпен бірігіп Қазақстан тарихының очеркін жазуға атсалысқан жандардың бірі. Ол кезінде тәлімгерімен Қырғызстан мемлекеті аумағында экспедиция құрып, Кенесары ханның сүйегін іздеуге көмектесіпті.

Жәкен Таймағамбетов – ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы:

– Мен Манаш қабашұлымен 1989 жылдан бастап бірге жұмыс істей бастадым. Ол кісі менің ғалым болуыма атсалысты. Докторлық десертацияңды қорға деп мені Сібірге жіберген . Манаш ағамыз жұмыс істегенде халқыңды жадыңнан шығарма деп айтқаны әлі есімде.

Көбі М.Қозыбаевты тарихшылар мектебін қалыптастыруға атсалысқан азамат ретінде таниды. Қазіргі таңда біраз шәкірттері Қытай, Моңғолия тағы да басқа мемлекетте көрнекті ғалым болып жүр. Конференцияға қатысқан профессор Әбдімүтәлап Әбжаппаров М.Қозыбаев атамыз сияқты ауқымды еңбек жазған ғалымдар елімізде кемде-кем дейді.

Әбдімүтәліп Әбжаппаров- тарих ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі:

– Манаш Қабашұлы теңдесі жоқ заңғар тарихшыларының бірі деп айтуымыз керек. Өйткені ол кісінің өмірі, қызмет еткен уақыты кеңес одағы қысымдарының уақытына келді. Шындықты ашып айтуға мүмкіндік бола бермеді. Халықтың көзін ашатын еңбектері жарыққа шығарылмады.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияның соңы секциялық отырыстарға ұласты. Онда ғалымдар тәжірибелерімен бөлісті. Жиын соңы өңір өнерпаздары әзірлеген концертпен аяқталды.


Берік Қасен