МТРА жаңалықтары

Петропавлда әлеуметтік маңызды тауарларды төмен бағамен саудалайтын дүңгіршек ашылды

Вера Симакова – зейнеткер:

– Зейнетке жақында ғана шықтым. Қазір ақшамды үнемдеп жұмсауға тырысамын. Міне, мынадай әлеуметтік сауда нүктелері бізге керек-ақ. Мұндағы тауарлар өте арзан. Бұған дейін мен сұйық майды 420 теңгеге алатынмын. Жаңа ғана оны мен бар болғаны 365 теңгеге сатып алдым.

Ең қажетті деген тауарлар мұнда 10-15 пайызға арзан бағамен саудалануда. Егер де қанттың бағасы өзге дүкендерде 240 теңге тұрса, мұнда 224 теңгеден сатылуда. Бір адамға бұл жерден ең көп дегенде 50 келі шекер мен жарманың 2-3 келісін алуға болады.

Денис Мартыненко – «Оптима север» ЖШС директоры:

– Бізге облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасынан әлеуметтік дүңгіршек ашу туралы ұсыныс келді. Бірден келістік. Екіжақты меморандумға қол қойып, іске көштік. Біз осылайша, жерлестерімізге қолдау көрсетіп, өздері күнделікті тұтынатын тауарларды төмен бағамен саудалап жатырмыз.

Айту керек, бұл – Петропавлдағы әлеуметтік маңызға ие тауарларды төмен бағамен саудалайтын, әзірге жалғыз дүңгіршек. Жақында дәл осындай сауда нүктесін “Қызылжар” коммуналдық базарында да ашу жоспарланып отыр.

 

Айгерим Ержанова