МТРА жаңалықтары

Әлихан Жүсіпов Дубайда менталды арифметикадан өткен халықаралық жарыстан жүлделі оралды

Әлихан Жүсіпов – UCMAS Академиясының XXI Халықаралық жарысының жүлдегері:

– 8 минут ішінде 200 есепті шығару керек болды. Мен соның 180-ін есептеп үлгердім. Соған өте қуаныштымын. Менталды арифметикалық есептеудің маған көптеген көмегі бар. Тез ойлауға, шешім қабылдауға септігін тигізеді. Өзім осы оқу орталығында білім алаты­ныма мақтанамын. Оның бір дәлелі – менің жеңісім.

Менталды арифметикада бала ойша есептеуді үйренеді. Аталмыш есептеу әдісі алғаш Азия­да 1993 жылдан бастау алыпты. Баланы барынша тез әрі сауатты есептеуге дағды­лайды. Тіпті қолда тұрған есептегіш калькулятор да менталды арифметиканы меңгерген баладан қалып қоюы мүмкін.

Жалпы Дубайда өткен жарысқа Қазақстаннан 68 балғын аттанған. Әлемдік доданың қорытындысы бойынша қазақстандықтардың қоржыны айтарлықтай әсерлі болыпты. Еліміздің жас данышпандары түрлі категорияларда 12 алтын және бірсыпыра күміс пен қола медальдарды иемденген. Қазіргі таңда осыдан 2 жыл бұрын ашылған теріскейлік ЮСИМАС Халықаралық Академиясының құрамында 180-ге тарта бала оқытылуда.

Айгерім Байкенова – Халықаралық менталды арифметика UCMAS Академиясының бас инструкторы:

– Менталды арифметика дарынды балаларға арналған курс деп есептеймін.Жалпы бұл арифметика курсы 10 деңгейден тұрады, ал оқыту ұзақтығы 3-3,5 жылды құрайды. Бір деңгейді шамамен 3-4 айға оқыту жоспарланып, балалар жас ерекшелігіне қарай топтастырылады.

13 жасар чемпионға Индонезияда өтетін жарысқа қатысуға ұсыныс түсті. Енді ол 2017 жылдың желтоқсан айында Бали аралына барып, өңір намысын қорғамақ.

 

Айсулу Сергали