Konstitutsia banner mobile

МТРА жаңалықтары

Жыл басынан “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚФ 378 жобаны қаржыландырған

Нәзік жандың бизнесі халыққа қызмет көрсетумен байланысты. Нақтырақ айтқанда, жастар сүйсініп жейтін “Гонконг вафлиі”-нің дүңгіршегін ашып, тәтті-дәмділер әзірлейді. Қыркүйектің аяғында пайда болған саудан нысанының бүгінде қалада екеуі бар екен.

Наталья Танкина – “Танкина” ЖК директоры:


–  Біз “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ы арқылы 5 жылға 3 млн теңгенің несиесін рәсімдедік. Жылдық мөлшерлемесі – 6 пайыз. Бұл өте тиімді. Қазір 4 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Несиеге ай сайын 70 мың теңгеден төлеймін. Алдағы уақытта бизнесімді кеңейтпек ойдамын.

Ал Бескөл ауылындағы “Қызылжар” ЖК директоры Айбек Рамазанов ата-кәсіпті қолға алыпты. “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” арқылы 4 жыл бұрын 6 пайыздық мөлшерлемемен 1 млн теңге несие рәсімдеген. Ол қаражатқа 3 бас жылқы сатып алыпты. Биелерді сауып, қымызын және етін саудалап кәсібін өрге домалатуда.

Айбек Рамазанов – “Қызылжар” ЖК директоры, Қызылжар ауданы:


–  Осы жылы мен 3 млн теңге несие рәсімдедім. Оған тағы 10 бас жылқы алдым. Бұрын 3 жылқы алып, оны 10-ға дейін жеткіздім. Қазір барлығы 20 Қамбар ата төлі бар.

Қазір кәсіпкер Айбек Рамазанов 2 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Жалпы “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры”-ның жергілікті филиалы жыл басынан бері “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы аясында жиынтық құны 917,1 млн теңге болатын 378 жобаны қаржыландырған. Оның 49 пайызы – мал шаруашылығын дамыту, 30-ы – қызмет көрсету саласы, 5-уі өсімдік шаруашылығына қатысты.

Сәния Таутекенова – “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚФ несие бойынша менеджері:

– Қазіргі таңда қор филиалы “50 елді мекен” тұжырымдамасын дамыту аясында жеке қосалқы шаруашылықты жетілдіруге өтініштерді қабылдап жатыр. Нақтырақ айтқанда, “Береке” бағдарламасы бойынша бордақылау алаңын құруға 6 пайыздық мөлшерлемемен 5 жылға 4 млн теңгеге дейін несие беріледі. Ал “Ырыс” бойынша, яғни сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуға 7 жылға 5 млн теңгеге дейін несие рәсімделеді.

Жыл басынан аталған қор арқылы қаржыландырылған жобалардың ең көбі облыс орталығында екен. Олардың саны – 36.

 

Риат Шони