Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО үкіметтік емес ұйымдарының VII азаматтық форумы өтті

Олардың арасында әскери-патриоттық клуб, ардагерлер кеңесі, жастар ұйымы мен іскер әйелдер қауымдастығының жетекшілері бар.
Майра Сибанова Жамбыл аудандық іскер әйелдері қауымдастығын 2009 жылдан бері басқарып келеді. Олар жылда тұрмыс жағдайы нашар 45 отбасыға материалдық көмек беріп тұрады екен.

Майра Сибанова – “Жамбыл аудандық іскер әйелдері қауымдастығы” ҚБ төрайымы:

– Ауданымызда әлеуметтік дүкен аштық. Онда адамдар өздеріне керекті киім-кешек пен азық-түліктерді тегін ала алады.

Ал “Айыртау жастары” ұйымы қоғам арасында жұмысшы мамандықтарын насихаттау жұмыстарымен айналысып жүр. Олардың да еңбегі еленді.

Еркін Нұрбахтинов – “Айыртау жастары” жастар қоғамдық ұйымының төрағасы, Айыртау ауданы:

– Біз механизатор, тесмір ұстасы, тігінші сынды тасада қалатын мамандардың жұмысыны жастар арасында насихаттап, кәсіпорындарда жақсы жұмыс істеген азаматтарды марапаттаймыз.

Форумның пленарлық бөлімінде өз ісінде нәтиже көрсетіп жүргендері әріптестерімен тәжірибе бөлісті. «АДОН-Север» қоғамдық бірлестігі негізінен мүгедек балаларды қоғамға бейімдеумен айналысады. Аталмыш ұйым келесі жылы 10 жылдық мерейтойын атап өтпек.

Елена Колмогорова-«АДОН-Север» ҚБ төрайымы:


– Қазіргі таңда біздің ұйым 200-ден астам мүгедек балаға қызмет көрсетеді. Олар психоневрологиялық дертіне, даун синдромы мен сал ауруына шалдыққан. Биылдан бастап көру қабілеті нашар 160 адамға жеке қызмет көрсетуді бастады. Жобаны Петропавл қаласының жұмыспен қамту бөлімі қаржыландырады. Сондай-ақ, дамуында тежелуі бар балғындарға арнап жеке балабақша аштық.

Азаматтық секторда қаржы жетіспейді, жеңілдетілген бағада жалға берілетін кеңселер жоқ, біліктілігі жоғары кадрлар тапшы. Міне осы мәселелер ҮЕҰ-дарының ортақ проблемасы.

Сергей Худяков – “СҚО Азаматтық Альянс қауымдастығы” ҚБ төрағасы:


– Қазіргі таңда қоғамдық кеңестерді дамыту, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру, жастар саясаты, ҮЕҰ-дардың жұмысын реттейтін заңды жетілдіру бойынша көп ұсыныстар айтылуда. Біз оны VII азаматтық форумының резалюциясына енгіздік. Кейін ол жергілікті жерде қабылданған қарарды қарашаның 25-і елордада өтетін республикалық үкіметтік емес ұйымдарының азаматтық форумында айтамыз.

Сергей Худяковтың айтуынша, бүгінде облыс аумағында 300-ден астам ҮЕҰ тіркелгенімен соның 100-і ғана белсенді жұмыс істеп тұр.

Берік Қасен