МТРА жаңалықтары

“Әскерге шақырылғандар күні” акциясы өтті

Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев сарбаздарға үйге аман-есен оралуларын тіледі. Және әскер қатарына шақырушыларға сыйлық үлестірді.

Еркінбек Байболов – СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы:

– Қайсыбір кезеңде болсын ер азаматтар Отанымыздың босағасын берік, елі мен жердің бүтін, әл-ауқатты болуына тікелей жауапты. Біздің батыр балаларымыз ерлік, намыс және парыз деген ұғымдарды барлығынан биік қойды. Бүгінгі шақырылушыларымыз осындай мәртебеге ие болды.

Жақында ҚР Қарулы күштерінің қатары тағы 55 солтүстікқазақстандықпен толығады. Жерлестеріміз Жамбыл облысындағы 30212 әскери бөлімшесіне аттанбақ.

Мақсат Мұқанов – СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары:

– Жастар қызмет атқаруға дайын. Әскерге бару құштарлығы бар. Олар қатаң іріктеуден өтті. Көбінің арнаулы орта және жоғары техникалық білімі бар.

Әскерге бару – әркімнің Конституциялық парызы. Оны орындау әр ер адамның азаматтық борышы дейді Болатхан Қамижан.

Болатхан Қамижан – Қарулы күштер қатарына шақырылушы, Уәлиханов ауданы:

– Биыл А.Мырзахметов атындағы Көкшетау қаласындағы ЖОО-н ақпараттық жүйе мамандығы бойынша тәмамдадым. Өзім қызметке тұрмас бұрын ең алдымен әскерге барып келуді жөн санадым.

Әскерге шақырушылар күніне арналған мұндай шаралар жыл сайын ұйымдастырылады. Ондағы мақсат – жастардың Отансүйгіштік қасиетін ояту, әскери өмірмен таныстыру. Биылғы акцияға әдеттегідей мектеп оқушылары арнайы шақыртылған екен. Жасөспірімдер мерзімді әскери қызметтегілердің күнделікті тұтынатын тамақтары, қару-жарақ, жабдықтарын көрді.

Берік Қасен