МТРА жаңалықтары

Биыл СҚО-да медициналық қондырғылар сатып алуға 400 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған

Мәселен, мына 65 жастағы ер адамға осыдан бірнеше күн бұрын аорталық-конорарлық шунттау жасалыпты. Қазір ол күнделікті кеңейтілген диализ аппаратына қосылған. Бұл оның бүйрегінің дұрыс жұмыс жасауына көмектеседі. 18 млн теңгенің германдық қондырғысы орталыққа осыдан 4 ай бұрын әкелініпті.

Мұрат Қасымов – облыстық кардиологиялық орталықтың анестезиолог-реаниматологы:

– Бұл құрылғы бүйрек жестіспеушілігі бар пациенттің қанын керексіз заттардан тазартуға септеседі. Өте ыңғайлы. Қазір жұмысымыз біршама жеңілдеді. Өйткені, бұрындары біз гемодиализ аппараты бар мекемелерге барып, сол жаққа ауыр хәлде жатқан пациентерді таситынбыз. Және ол жақтағы қондырғылар тек бірнеше сағат қана жұмыс істейді. Ал біздің мультифильтрат бірнеше күн қосулы тұрады.

Аз уақыттың ішінде мұндағы мамандар аталмыш қондырғының көмегімен 10 солтүстікқазақстандықтың денсаулығын қалыпқа келтірген. Айту керек, мұндай апталап үздіксіз жұмыс жасайтын мультифильтрат, әзірге өңірде біреу ғана.

Айгерім Ержанова – тілші:


–  Ал мына құрылғы ЭКМо деп аталады. Оның құны – 40 млн теңге. Бұл аппарат ауыр дертке шалдыққан жандардың жүрегі мен өкпе қызметін уақытша атқара алады. Мәселен, жыл басынан кардиохирург мамандар бұл қондырғының көмегімен 5 адамның өмірін сақтап қалған.

Ал облыстық перинаталдық орталықтың медициналық қондырғыларын жаңартуға биыл облыс қазынасынан 20 млн теңге бөлінген. Бүгінде мекемеге жалпы сомасы 4 млн теңгенің 10-ға жуық құрылғысы әкелінген. Оның ішінде қан компоненттерін сақтауға арналған тоңазытқыштар мен эритроциттерді жылытуға арналған мынадай аппараттар да бар. Мұндай құрылғылар аталмыш орталықта бұрын да болған. Бірақ, көбісі ескірген екен. Өйткені, олар аталмыш мекеменің негізі қаланған жылдары сатып алыныпты. Ал ол уақыттан бері 25 жыл өткен.

Юлия Елькина – облыстық перинаталдық орталықтың акушер-гинеколог дәрігері:


–  Бұл құрылғы терморегулятор деп аталады. Оны біз пациенттеріміздің қан компоненттерін құю кезінде қолданамыз. Өте ыңғайлы. Апаратта температура да көрсетіледі. Орталыққа мұндай қондырғының екеуі әкелінді. Бұрындары тек біреу ғана болатын. Оның өзі сонау 91-ші жылы алынған еді. Жаңа құрылғының біреуі 1 млн теңге тұрады.

Жалпы ағымдағы жылы өңіріміздегі медициналық мекемелерге қодырғылар сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 400 млн теңгеден астам ақша бөлінген.

Рашида Иванова – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:


–  Оның 76 млн-ы кардиологиялық орталыққа, онкологиялық диспансерге – 41 млн, облыстық балалар ауруханасына 15 млн теңге бөлінді. Және тағы басқа емдеу мекемелеріне де тиісті қаржы берілді. Жалпы 400 млн теңгеге өңіріміздегі емханалар мен ауруханаларға қондырғылар және жедел жәрдем қызметіне 8 бірлік техника алынды. Оның 2-уі облыс орталығына, 3 көліктен Қызылжар және Мағжан Жұмабаев аудандарына берілді.

Айту керек, келер жылы облысымызда тағы біршама медициналық құрылғылар жаңартылмақ. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді деп күтілуде. Аталған сомаға 149 қондырғы сатып алынады деп жоспарланған. Ал республика қорынан бөлінетін қосымша бөлінетін 968 млн теңгеге 5 жедел жәрдем көлігі мен су жаңа 7 қондырғы алынбақ.

 

Айгерім Ержанова