МТРА жаңалықтары

Петропавлда облыстық “25 игі іс” акциясы аясында 10 адам қан тапсырды

Ақ халатты абзал жандар алдымен олардың қан қысымын өлшеді. Кейін салмақ пен бойдың ұзындығын анықтады. Бұдан соң, донорларға қант қосылған тәтті шәй берілді. Бұл алынған қанның орнын толтыру үшін аса қажет екен.

Наталья Солодухина – Облыстық қан орталығы бас дәрігерінің орынбасары:


–  Бізде күніне 20-30 адам қан тапсырады. Оларды қатаң бақылаудан өткіземіз. Келген адамның қандайда бір дертпен ауырды ма, жоқ па соны білеміз. Тағы қан тапсырушысының бойы мен салмағы сай келуі тиіс. Жылына донорлар біздің орталыққа 6 мың литр қан тапсырады. Оны мамандар белгілі бір уақыт бойы сақтайды. Қазіргі күні облыс бойынша қан қоры жеткілікті мөлшерде.

Облыстық “25 игі іс” акциясына қатысушылардың бірі – Ибрагим Ахметов. Ол өз өмірінде екінші мәрте қан тапсыруда. Жас жігіт өткен жылы бірінші рет өзінің әріптесіне донорлық көмек көрсетіпті.

Ибрагим Ахметов:


–  Акцияға қатысуға бірден келістім. Әріптестеріме донор болуға кеңес беріп, бірнешеуін осында ертіп келдім. Осылайша қан тапсырып, біреуге көмектесуді өзімнің азаматтық парызым дей санаймын.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған облыстық “25 игі іс” акциясының алғашқы күні бастауыш партия ұйымдарының 10 мүшесі қан тапсырды. Олардың әрқайсысы 450 миллиграмм мөлшерінде қан берді. Жалпы, өңірімізде аталған шара желтоқсан айында да жалғасын таппақ.

Байболат Құлтанов